Сбербанк Петропавлдағы «Royal Palace» құрылысын қаржыландырды

Сбербанк
Фото: 1news.com.ua

Алматы. 2 сәуір. 7kun.kz – Петропавлда жаңа ірі «Royal Palace» қонақ үй-мейрамхана кешенінің ашылуы болып өтті. Кешеннің құрылысы экономиканың басым секторларына арналған «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында Сбербанк тарапынан «Даму» КДҚ» АҚ-мен бірлесіп қаржыландырылды.  

Бүгінгі таңда Петропавлдағы осыған ұқсас жобалардың ең ірілерінің бірі болып табылатын жаңа «Royal Palace» қонақ үй-мейрамхана кешені барлық заманауи стандарттарға жауап береді. Қос қабатты кешен 600 орындық банкет залынан, шай ішу бөлмесінен, 150 орындық кіші банкет залынан, 10 қонақ үй нөмірінен және караоке-бардан тұрады. Жобаның жалпы құны 640 млн теңгеден астам соманы құрайды.

Өзінің бүкіл қызметі барысында жеке кәсіпкер Бекежан Жуланов пен «Эмират» компаниялар тобы жартылай фабрикаттар өндірісі, кондитерлік цех, жаттығу залы, сән студиясы және стоматология қызметтері сияқты әртүрлі қызмет түрлерін сәтті ашып, дамытып келеді. Кәсіпкерлердің қызметіндегі негізгі визит-картасы «Эмират» мейрамханасының ашылуынан бастау алған мейрамхана бизнесі болып табылады.

Талай клиенттерден әртүрлі іс-шараларды өткізу тапсырыстарының көптеп түсуіне байланысты, «Эмират» КТ-да қажетті орындар саны қамтамасыз етілген барынша ірі мейрамхана кешенін салу қажеттілігі туындаған.

«Сбербанктің кәсіпкер Бекежан Жулановпен ынтымақтастық орнатып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Қонақ үй-мейрамхана кешені – біздің екінші бірлескен бизнес-бағдарламамыз. Біз үшін бұл қызықты жоба, себебі біз серіктесіміздің қызметінің дамуына инвестиция жұмсап қана қоймай, оған қаржы қызметтерінің барлық спектрін ұсынамыз. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталғандықтан, аталған жоба Сбербанк жұмысының барлық қағидаларына сай келеді», — дейді «Сбербанк» АҚ ЕБ-ның Петропавл қаласындағы филиалының директоры Петр Салохин.

Бұл жоба «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруға арналған басым жобалардың мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіру тармағы бойынша мақұлданған.