Сбербанк қазақстандық еншілесін сату үшін OFAC лицензиясын алды

Фото: akket.com

Сбербанк Қазақстандағы еншілес банкін сату үшін OFAC (АҚШ-тың шетелдік активтерді бақылау кеңсесі) лицензиясын алды. Бұл туралы БАҚ-на Сбербанктің аға вице-президенті, Sberbank International блогының басшысы Тимур Козинцев хабарлады.

«Қазіргі уақытта реттеушінің қолдауымен біз OFAC лицензиясын алдық, бұл бірнеше ай бойы активтерімізді азайту және нарықтан шығу бойынша жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді», — деді Козинцев бейсенбі күні KazanSummit-те.

Ол, сондай-ақ, қазақстандық жеке және мемлекеттік құрылымдар, Ресей, Түркия мен Таяу Шығыс инвесторлары тарапынан қызығушылық барын айтқан.

Айта кетейік, 6 сәуірде АҚШ Сбербанкке санкция салды. Ол Құрама Штаттардағы активтерді бұғаттап, сондай-ақ, америкалық азаматтарға аталған банкте кез келген операцияларды жүргізуге тыйым салуды қарастырады.

Сондай-ақ, Сбербанк тобының құрамындағы бірқатар компаниялары АҚШ-тың санкциялық тізіміне енді. Оның ішінде Украина, Қазақстан және Беларусьтегі еншілес банктер, оған қоса, Sberbank Europe AG (оның еуропалық иелері банкротқа ұшырау туралы шешім қабылдаған) бар. Бұдан кейін банк Қазақстандағы еншілесін сату туралы шешім қабылдады. Алайда кімге, қашан сатылатыны белгісіз.