Селден зардап шеккен ауданда ТЖ режимі алынды

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Наурызбай ауданының аумағын қарап шықты. Негізінен, Қарғалы өзенінің сағасы бойындағы қалпына келтіру жұмыстарын, тазаланған бөгет станциясын, су тазалау станциясын қарап, жаңа оқу жылына білім беру ошақтарының дайындығын шолып шықты.

Одан бөлек, Бауыржан Байбек жиналыс өткізіп, мемлекеттік орган жетекшілерінен жасалған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде есеп алды. Толық тазалау өткізілгеннен кейін су құбыры қалпына келіп, су сапасы жақсарғаны байқалды.

Бүгінде зақымдалған Қарғалы өзенінің сағасы тазартылып, 5 шақырымдай жерге тиісті жұмыстар жасалған. 406 телім тазартылып, 175855 м/куб ластанған тас массалары алынған.

«ТЖ режимі алынып тасталуы туралы шешім қабылданды. Ендігі жұмыстарды коммуналдық қызметтер штаттық режимде атқаратын болады. Бірінші кезекте қойылған міндет — 1 қыркүйекте барлық 3 мектептің оқу жылына дайын болуы еді. Техникалық және санитарлық нормалар сақталды, ешбір бала жапа шекпеді. Ендігі керегі — өзен сағасын нығайту», — дейді Бауыржан Байбек.