Серік Ахметов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

Ахметов

Алматы. 21 қыркүйек. 7kun.kz — 2017 жылдың 21 қыркүйегінде Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметов бостандыққа шықты. Бұл туралы 7kun.kz хабарлады.

Ол тиісті мерзімнен 4 жыл 7 айға ерте шықты. Сот үкімі оның жазасын жеңілдетіп, бас бостандығын шектеумен алмастырды.

Серік Ахметовты қарсы алуға оның туыстары келді. Ол колониядан шығып, көлігіне отырып, жақындарымен бірге кетіп қалды.

«Назарларыңызға рахмет. Болашаққа әлі жоспар құрмадым. Немен айналысатынымды уақыт көрсетеді. Ал қазір үйге барамын», — деп жауап берді ол журналистерге.

Айта кетейік, Серік Ахметов жазасын Қарағанды облысындағы Қарабас ауылында АК159/18 колониясында өтеген болатын.

Еске салсақ, Серік Ахметов 2015 жылдың желтоқсанында ірі коррупциялық қылмыс жасады деп айыпталды. Сот оған 10 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Бұған дейін Ахметовтың жазасы екі рет қысқартылған болатын.