Әсет Исекешев астаналықтардан кешірім сұрады

765
Исекешев
Фото: ort.com

Астана. 23 шілде. 7kun.kz — Астана әкімі Әсет Исекешев елорда көшелерінің су астында қалу себебін түсіндіріп, ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұрады. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. 

«Құрметті елорда тұрғындары және қонақтары! Қала әкімдігінің атынан Астана көшелеріндегі нөсерге байланысты туындаған ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұрағым келеді. Қаладағы кәріз жүйесі құрылысының баяулығы жағымсыз ауа-райы кезіндегі проблема болды. Қазгидрометтегі әріптестеріміздің хабарлауынша, бірнеше күн ішінде Астанаға бір айлық нормадағы жаңбыр жауған»,-деп жазды қала әкімі.

 Исекешевтің атап өтуінше, әкімдік аталған мәселені қысқа уақыт ішінде тезірек шешу үшін барлық мүмкіндікті қарастырады. «Барлық арнайы техника яғни 107 машина су шайған аудандарда тәулік бойымен жұмыс істеуде. Соңғы тәулік ішінде қосымша сорғылар арқылы 100 мың шаршыметр су сорып шығарды, тазалау құрылғылары арқылы 150 мың шаршы метрден астам су өткен. 300 шақырым коллекторды босату үшін коммуналдық қызметке тағы тәулік қажет»,- деп түсіндірді жағдайды шенеунік.

«Жол жабуға байланысты шараларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Өз тарапынан қала әкімдігі аномалды жауын кезінде қала көшелеріндегі жағдай туралы максималды ақпарат таратуға тырысады. Бірінші кезекте әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшалары, радио-хабарламалар және ТЖ бойынша департаменттің байланыс құралдары арқылы біле аласыздар», -деді Әсет Исекешев.