Соңғы кездері банк секторындағы өзгерістерге саяси қысым әсер етіп отыр деген пікірлер айтылып жүр. Бірақ Халық банктің төрағасы Үміт Шаяхметова мұны жоққа шығарды.

Естеріңізде болса, 2017 жылы 3 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Назарбаев Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевқа «Ұлттық банк қаржы жүйесін реттеген сайын оның басшысына шабуылдар көбейеді. Мұны осы залда отырған [үкіметтің президент қатысумен өтіп жатқан жиынында отырғандар — ред.] акционерлер мен демеушілер жасайды. Ешкімнен қорықпа, ешкімнен» — деген еді.

15 наурызда Алматыда өткен CFO Summit Kazakhstan 2017 cаммитінде  саясаттанушы Досым Сәтпаев мемлекет басшысының сол сөзін тағы бір еске салып,  Халық банктің төрайымынан «Біздегі банк секторы саяси элитамен тым тығыз қарым-қатынаста. Қай жерде экономикалық мақсат, қай жерде саяси қысым немесе саяси ойындар әсер еткенін байқау қиын. Қазіргі Қазком мен Халық банк арасындағы достық келіссөздерде осының қайсысы басым?», — деп сұрады.

«Модератордың сұрағын екіұшты  сұрақ деп есептеймін, — деп жауап берді Шаяхметова — Мұнда саясаттың ешқандай қатысы жоқ екендігі анық. Ал Қазком мен Халық банк арасындағы коносолидация көбіне экономикалық мақсатты көздейді».

Фото: Қазақстан Баспасөз клубы

-Самиттің бірінші сессиясын бақылап отырып, еліміздегі барлық жамандық банктерден келіп жатқандай түйілді. Мен мұнымен түбегейлі келіспеймін. Бұл біздің экомикамызда болып жатқан оқиғалардың көрінісі ғана. Кезінде неге кей бағдарламалар нәтиже берді, ал кейбірі жоқ деген мәселеде жауапты адамдар сұралған жоқ. Егер сұрау болғанда, сол қателіктер қайталанбас еді, — деді банк төрайымы.

Үміт Шаяхметова әлемде консолидацияның трендеке айналғанын мойындады. Ол, сонымен қатар, Ресейде де банктердің бірігу процесі болып жатқанын айтты.

-Мысалы, М&A келіссөздерінің (банктердің бірігуі – ред.) нәтижесі 2015 жылы 25 трлн долларды құрап, рекордты көрсеткішке жеткен. Өкінішке орай, 2016 жылдың ақпараты қолымызда жоқ. Қазақстанда банктердің бірігуіне себеп болып отырған ең біріншіден, банктерді бақылаудың күшейе түскені, — деді ол.

Банк басшысы қазақстандық банк секторындағы жағдайға тоқталып өтті. Ол «Бізде кез келген олигарх өзін банкир бола аламын немесе банк құрып, оны сатып ала аламын деп есептейді. Және, егер, менің банкім болса мен басқа да жұмыстарымды оңай жүзеге асырып, бизнесімді дамыта аламын деп ойлайды. Негізі басынан бастап түсіну қажет еді. Осы тұста тағы да қаржы реттеушісіне деген сұрақ туындайды. Лицензиялар бұл банктерге қай жерде және қалай таратылды? Бастапқы капиталы қайда, ол болды ма расымен?» деген пікір айтты.

Ол осы тұста Халық банктің неліктен сауықтыру процесін талап етіп отырғанын түсіндірді.

«Консолидацияның да сау және сау емес түрі болады Оның мәжбүрлі түрде өткізілетін кездері болады. Бізге дейінгі бірігу процесі осындай болды деп ойлаймын. Ол кездері сау және сау емес екі банкті біріктіруге тырысты. Соңында креметтей нәтижеге қол жеткізілмеді. Сондықтан біздің консолидация процесінде ең біріншіден сауықтыру қажет деген ойдамын. Және бұл жерде қандай да бір саяси көзқарас рөл ойнап отырған жоқ деп сенімді түрде айта аламын», — деді ол.

Банк сферасы туралы талқылау жүріп жатқанда, модератор «Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер зомби-банкке айналып кетпей ме?» деген сұрақпен Visor Holding директорлар кеңесінің төрағасы Айдан Кәрібжановқа сөз кезегін берді.

— Әнуар банк секторының моделі біраз уақыттан бері жұмыс істемейді. Мен онымен келісемін. Ол біз екеуміз кеткелі бері жұмыс істемейді. Егер салмақты жауап берер болсам, біздің елімізде екі түрлі экономика қалыптасқан. Біріншісі – шикізаттық, ол жерде ірі шикізаттық компаниялар бар. Олар мұнай бағасы қымбат кезде өсіп шыққан. Оның соңынан елдің рейтингі де өсіп, бұл банктерге батыстан ірі көлемді қаражат алуға және қарыз құралдарын шығаруға мүмкіндік берді, — деді ол.

Forbes.kz

Бірақ Кәрібжановтың айтуынша, ҚазМұнайГаз секілді компанияларға ЕДБ ақша бере алмайтын еді. Себебі олар сырттан пайыздық мөлшерлемесі төмен қарыз ала алатын. Бұдан кейін банктер әртүрлі өнімдерді ойлап таба бастады. Бұл ипотека, жер телімін алып-сату және т.б. Мұның барлығы 2007 жылға дейін жүйе кеңейіп жатқанда жұмыс істеді.

«Екінші проблема мемлекеттің банк секторындағы орны. Кей кездері түсініксіз болып кетті. Жеке акционерлер қайда, мемлекет қайда, кім кімге көмектесу керек дегендей. Тек кәсіби адамдар ғана не болып жатқанын түсінді. Ал басқалар үшін бұл жағдайда саяси қысым бар сияқты көрінеді» — деген пікір білдірді Visor Holding директорлар кеңесінің төрағасы.

Сарапшының сөзіне сенсек, адамдарға қиын дүниелерді қарапайым нәрселермен байланыстыру тиімді. Нәтижесінде бізде ешқандай капиталы жоқ зомби-банктер пайда болған.  «Бұл зомби апокалипсис 10 жыл бойына жалғасты», — деп қорытындылады ол.