Шымкенттегі ең танымал жеті бай

34864
бай
Фото: otyrar.kz

Статистика комитетінің есебі бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысы орташа айлық жалақы көлемі жөнінен қалтасы саяз өңірлердің қатарынан (3-орында – 103200 теңге) саналғанымен, ауқатылар санынан артта емес. Сіздердің назарларыңызға «Корреспондент» басылымы жасаған Шымкенттегі ең танымал байлардың рейтингін ұсынамыз.

1bf57a306d73d535c8ca073929ee09010_l. Серікжан Сейітжанов

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің тізімінде былтыр 35-орында болса, биыл екі сатыға жоғарылаған. Негізгі табысы мұнай, мұнай сервисі, құрылыс материалдарынан түсетін Кәсіпкер өзінің отбасымен «Оңтүстік» қаржы-сауда өнеркәсіп корпорациясын құрған. Ол бүгінде әулетке тиесілі көптеген компаниялардың басын біріктіріп отыр. Мысалы, мұнай саласына маманданған «САУТС Ойл», «Smart-Oil», «North Oil» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жанар-жағармай нарығын біртіндеп жаулап жатқан «SATTI ZHOL» жанармай құю бекеттері желісінің Сейітжановтарға («Стандарт ресурсис» ЖШС-нің директоры Нұржан Сейітжанов) қарайтынын көпшілік жақсы біледі. Оған 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Сайрам ауданында салынған алпауыт цемент зауытын («Стандарт Цемент» ЖШС-нің директоры Бауыржан Сейітжанов) қосыңыз. Елбасының өзі келіп, тұсауын кескен «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйі де С.Сейітжановтың бизнестің қай деңгейіне көтеріліп кеткенін көрсетеді.

2. Қайрат Балабиев

Кезінде прокуратура мен кеден салаларында үлкен лауазымдарды атқарып, соңғы оншақты жылда кәсіпкерлікке түбегейлі бет бұрған. 2016 жылы наурызда өткен сайлауда облыстық мәслихаттың депутаты атанды. ОҚО базарлары қауымдастығының төрағасы саналатын оны халық Шымкенттегі «Самал», «Айна», «Дархан» базарлары мен автобекеттерінің, «Қасиет» фитнес клубының, «Royal Club Fitness & SPA» спорт кешенінің, «Бәйтерек» зияткерлік мектебінің, «Балаби», «Әйгерім» балабақшаларының иесі ретінде таниды. Сондай-ақ, тоқыма өнеркәсібін қолға алғалы, Қ.Рахымұлын «Kazakh Textile International», «Әлем БТ» ЖШС-терінің бас директоры деп біле бастадық.

3. Қайрат Құсейінұлы

Басылымның жазуынша, кәсіпкерде 316 миллион 200 мың теңгесі мен 3 миллион 900 мың доллар қаржысы бар. Мемлекеттік қызметке 4 жылын (2009-2013 жылдар) арнап, Түркістан мен Шымкентті тізгіндеген Қ.Құсейінұлы бүгінде «Отау құрылыс» компаниясын басқарады. Бизнесінің негізгі бағыты — құрылыс. Ғимараттар салып, құрылыс материалдарын шығарады. Нақтырағы, австриялық технологиямен пластикалық есік-терезе профилдерін жасап, асфальтбетон шығаратын және германиялық технологиямен полиэтиленді құбырлар өндіретін зауыттары бар. Газоблок, металлоконструкция және бетонның барлық түрін өндіретін кәсіпорындары жұмыс істейді. Сонымен қатар, басылымның жазуынша, Түлкібас ауданында 100 гектардан астам жерге алма өсіріп жатыр.

4. Қайрат Сапарбаев

Жергілікті халық кәсіпкерді қонақүй бизнесін жетік меңгерген азамат ретінде таниды.. «Sapar» қонақүйін 1996 жылы ашқан Сапарбаевтың бір басылымдағы сұхбатына сүйенсек, оның қазіргі таңда Шымкентте 4, Алматыда 2, Түркияда 1 қонақүйі бар. Сонымен қатар, оның қала орталығындағы тұрғындар жиі баратын «Кең баба» саябағы аумағы мен бірнеше мейрамханалардың да қожайыны екені белгілі.

5. Баходир Салимов

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Салимовтың негізгі қызметінен бөлек кәсіпкерлікпен де айналысатыны белгілі.  Облыс орталығындағы «Тұран» тойханасы мен «Прага 9», «Қанағат» дәмханалары осы азаматқа тиесілі. Ал Ғани Ташқараевтың ашылғанына 20 жылға жуықтаған «Маэстро» мейрамханасын қоспағанда, «МИГ» автожанармай бекеті желілері мен «Eco Village Kaskasu» демалыс кешені, сондай-ақ «Айнаш» атты «химчисткасы» барын айтады жұртшылық. Демалыс аймағы («Тау самалы») мен мейрамханадан («Риза») облыстық мәслихаттағы жалғыз әйел депутат саналатын, жол құрылысын жүргізуге маманданған бірнеше зауыты бар Рәшкүл Оспанәлиева да кенде емес сияқты. Ал, атақты «Қазақстан-2030» тойханасының қазіргі иесі кім екенін білесіз бе? Облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметов. Қашан көрсең, тойдың көрігі қызып жататын «Жайлау-1», «Жайлау-2» мен «Нұрай» мейрамханаларының егесі ретінде әлеумет бірі шенеунік, бірі депутат Ислам һәм Нұралы Әбішевтерді атайды. Бұған қоса Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан «ЭСКО» бизнес орталығы ғимаратының да осы әулетке қатысы бар көрінеді.

6. Абдукахар Пайзахмет

«Нұрсәт» шағынауданына шырай беріп тұрған «Rahima-PLAZA» сауда орталығының құрылтайшысы Абдукахар Пайзахметовтің «Алтын сарай», «Гаухар сарай» секілді салтанатты кештер ұйымдастыруға арналған бірнеше нысандардың қожайыны екені де белгілі. «HYPER HOUSE» сауда орталығы – бір кездері Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша аймақаралық жер инспекциясының бастығы болған Бағдат Аюбековтікі» деп еститінбіз, алайда басылымның айтуынша, қазір оны сатып жіберген. «Шахан», «Шахан 2» сауда орталықтары – әрі депутат, әрі кәсіпкер («Шымкент жасыл қала» ЖШС директоры) Нұрхан Егізбаевтың, «Изуми» сауда желісі – Өмірәлі Ералиевтің, «Мият» сауда үйі – кешеге дейін мемқызметте небір үлкен лауазымдарды атқарып, бүгінде облыстық мәслихат депутаты атанған Нұрмахан Жолдасовтың, Ленгер қаласындағы «Тау жұлдызы» сауда кешені мен автобекеті – жастығына қарамастан прокурор да, Төлеби ауданының «замәкімі» де болып, соңыра кәсіпкерлікке біржолата бет бұрған Мұрат Төлтебаевтың меншігі саналады» деп жазады басылым. Одан бөлек бірнеше шақырылымнан бері облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып жүрген Мұрат Шерімұлы басқаратын «Атамекен» корпорациясы» ЖШС-нің ұн өндіретін және нан шығаратын зауыты, сүт өнімдерін ұқсататын цехы бар. Оған құс өсіріп, мал бордақылап, сауын сиыр ұстайтын шаруашылықтарын қосыңыз.

7. Анарбек Орман

Кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметті керемет ұштастырған ол 2012 жылдың ақпанында АШМ-нің Су ресурстары комитеті төрағалығынан босаған соң, өзінің тіршілігіне – «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бас директорлығына қайта оралды. Басылымның жазуынша, аталмыш компанияның еншілесі саналатын 30 шақты мекеменің барын айтып жүр. Оған қоса шымқаладағы «Азия» мейрамханасы, «Табыс» бизнес орталығы, «Еркетай Балбөбек» балабақшасы мен бірқатар моншалардың Орман әулетіне қатысы бар көрінеді.