«Шын жүректен» кәсіпкерлер автокеруені жол тартты

504
Шын жүректен

Алматы. 2 қазан. 7kun.kz — Алматы облысының Кербұлақ ауданында «Атамекенім» республикалық акциясы аясында «Шын жүректен» кәсіпкерлер автокеруені жол тартты. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады.

Аудандық Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен іске асырылған автокеруенінде «Бәрі де рахмет үшін!» көшпелі дүкені ұйымдастырылып, мұқтаж азаматтарға қажетті заттар мен тауарлар үлестірілді. Қайырымдылық акциясына «Касымбаева Г. Ш.» шаруа қожалығы, «Нұрдуман» ЖШС, «Күреңбел» несие серіктестігі және т.б. үлес қосты. Кәсіпкерлер күшімен киім-кешек, аяқ-киім, тұрмыстық заттар мен азық-түліктер жиналды. 100-ден астам тұрғынға қайырымдылық көмегі көрсетілді.

«Аз уақыт ішінде «Бәрі де рахмет үшін!» дүкені ел арасында танымал атанып, көптеген адамдарға қолдау білдірілді. Ауылдық округтер тұрғындары аталмыш әлеуметтік дүкенді ауылдарда ашу туралы ұсыныс айтты. Сондықтан көпшілік қауымды қамту үшін көшпелі дүкен ұйымдастырдық. Біздің шара халықаралық қарттар күнімен тұспа-тұс келді. Ауылдық округтерде 45 қарт адамға азық-түлік берілді. 25 оқушыға қыстық күртке және спорттық киім-кешек таратылды», — деді аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлсара Амреева.

Алдағы уақытта «Шын жүректен» кәсіпкерлер автокеруені Кербұлақ ауданының басқа да ауылдық округтеріне жол тартады.

Айгүл Хожантаева