Сіз көруге міндетті «бес керемет»

234
Абай

Жаз келсе болды, қым-қуыт тірліктен шаршаған жұрттың демалыс орындарына аңсары ауа бастайды. Өңірдегі шипажайлар немесе Алакөл, Қапшағай, Балқашты бетке алатындар көп.

Әрине, бала-шағаны ертіп, аптап ыстықта су жағалай салқындап, табиғат аясында кең тыныстағанға не жетсін! Алайда, су жағасы немесе тау басындағы демалыспен бірге рухани демалысты ұмытпаған жөн. Олардың ерекшелігі сол тән тыныштығымен қатар рухани ләззат алып, рахаттанып қайтуға болады. Шығыс Қазақстанда ондай кереметтің сан алуан түрі бар. Соның ішіндегі  ең үздік деген 5 рухани мекенге тоқталайық…

Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі

«Сіз әлі «Абай» романын оқыған жоқсыз ба? Ендеше, ештеңе оқымаған адамсыз»,- депті неміс жазушысы Альфред Курелла. Оқумен қатар, Абай әлеміне әдемі саяхат жасағысы келетін исі қазақ баласы ұлы ақынның мұражай-үйін көруі керек. «Қазақ әдебиетінің Меккесі» атанған өлке Семей қаласынан 178 шақырым жерде Абай ауданында орналасқан.

Жидебай жері көп уақыт Құнанбай қажының иелігіндегі қыстақ болған да, кейін баласы Оспанның еншісіне қалады. Інісі қайтыс болған соң, Абай қыстауды өз жобасымен қайта салдыртқан екен.

1945 жылдан бастап қыстау мұражай-үй ретінде жұмыс істеп келеді. Мұражайдың бес бөлмесі мен үш залына орналастырған заттар ұлы ақынның жақын-туыстарынан, достары мен замандастарынан алынған. Ақын қолданған заттар, қолжазба көшірмелері мен барлық әдеби экспозициялар Абай өмірі мен шығармашылығы туралы толық мағлұмат береді. Бара қалсаңыз, хәкім өмір сүрген орта мен сол заман қазағының болмысын жан-тәніңізбен сезінесіз.

Негізінде бұл мұражай-үй – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бір бөлімі. Одан бөлек қорық-мұражай құрамына Семейдегі Бас мұражай, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы, Бөрілідегі М.Әуезовтің мұражай-үйі, «Шәкәрімнің Саят қорасы» экспозициясы, Ш.Әбенұлының мұражай-үйі, Ә.Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы, «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені және 6400 гектар қорық алқабы кіреді.

Қозы көрпеш-Баян сұлу мазары

Қазақ сахарасында махаббат символына айналған «Қозы көрпеш-Баян сұлу» жыры – трагедияға толы аңыздардың бірі. Аягөз ауданы, Таңсық стансасынан 10 шақырым жердегі Аягөз өзенінің оң жағалуына табан тіресеңіз, сол аңыздың айғағы ретінде қос ғашыққа арнап салынған мазарды көресіз. VIII-IX ғасырдан бері келе жатқан көне түрік ескерткіштерінің бірі болып есептелетін мазардың биіктігі – 12 метр, табаны төрт тағанды, пирамида іспеттес сүйірленіп келеді. Ертеде мазардың жанында Баян, оның апа-сіңлілері Таңсық пен Айғыз және Қозының тас мүсіндері болған деседі. Кесенені зерттеген Шоқан Уалиханов олардың нобайын қағазға түсірген екен. Бірақ, тас мүсіндер кейін жоғалып кеткен.

Жалпы лиро-эпостық жырдың 20 шақты нұсқасы бар. Ең алғашқылардың бірі болып шығарманы қағазға түсірген Г.Потанин. Ал халық арасында Шөже ақынның нұсқасы кеңінен тараған.

Мазарға кіре-беріс тақтайшада ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат моласы» өлеңінен үзінді келтірілген:

«Жол түсіп, ұрпақ,Таңсыққа барсаң тегінде,

Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген.

Қасқайып тұрған қазақтың осынау төрінде,

Бабаларыңның махаббаттары көмілген…».

Осы төрт жол арқылы-ақ махаббатқа деген құрметтің қаншалықты жоғары болуы керек екендігін аңғаруға болатын сияқты.

«Аблайкет» будда бекініс-ғибадатханасы

Ұлан ауданы, Бозанбай ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан Аблайкеттің қазақ ханы Абылайға еш қатысы жоқ. Аблай – жоңғар тайшысы. «Кет, кит, хит» будда ғибадат орындарының атауы.

1654 жылы Аблай тайшы ғибадатхана мен кітапханасы бар бекініс салдыртады. Тарихта бұл кезең жоңғарлардың көшпелі империя құруды, қазақ елінің шығысын басып алуды көздеп жаппай жандайшаптық танытқан уақыты. Соның арқасында өлкеде тибет буддизмі де тез тарала бастаған еді.

Буддизм ілімі бойынша ғибадатханалардың негізін ел басшылары мен рухани көсемдер, яғни ламалар қалайтын. Аблайкеттің құрылыс жұмыстарын қытай шеберлері жүргізіп, бекіністі қытай-тибет-моңғол стилінде тұрғызады. Оның аумағында ғибадатхана кешені, кітапхана, шаруашылыққа арналған орындар болған. Сыртынан ені 3,5, биіктігі 2-3 метрге жететін қабырғамен қоршалған. Солтүстік-батысында тау шатқалдары, ал шығысы мен оңтүстігінде жазда саз балшыққа айналатын жылға бар. Оңтүстік-шығысында ғибадатханаға кіретін, қасиетті саналған қақпасы болған. Бүгінде оның тек төменгі бөліктері ғана сақталған. Бекініс-ғимарат маңындағы шатқалда жатқан көл және Бауқуыс үңгірінде буддалар жасырып кеткен қазына туралы аңыз-әфсана халық арасында кең таралған.

ХҮІІ-ХІХ ғасырларда орыс және еуропалық ғалымдар мен жиһангерлер Аблайкет жайында әр түрлі деректер келтірген. Солардың бірі А.К.Гейнс «1865 жыл күнделігі. Қырғыз даласына саяхат» атты еңбегінде былай дейді: «Будда ғибадатханасынан қалған үйінділерге қарап отырып, әскери адам ретінде айтарым – оның құрылысындағы негізгі мақсат әскери-қорғаныс жасау. Мына адам шыға алмайтын не жарып бұзуға келмейтін алып қабырғаларға қарап бекініс не үшін тұрғызылғанын бірден білуге болады.»

Жоңғарлардың өзара ішкі тартыстарының бірінде 1671 жылы Аблайкетті Қалдан басып алады. Өзі де Тибет ламасы болған соң, құлшылық ететін ғимаратқа тимейді. Монахтар тастап кеткен мекен кейін жайрап бос қалады. Ал онда табылған алғашқы жәдігерлер мен жазбалар Санкт-Петербургтегі мұражайға, Париждегі ғылым академиясына жіберілген. Қазірде Қазақстан тарапынан археологиялық зерттеулер жүргізіліп, әлі жалғасып жатыр.

«Ақбауыр» ежелгі астрономиялық кешен

Қазақтың өз «Стоунхенджі» бар. Ол – Ақбауыр. Неолит дәуіріне жататын ең көне ескерткіштердің бірі. Тарихи-археологиялық кешен. Тас дәуірінің обсерваториясы. Өскеменнен 38 шақырым қашықтықта, Сағыр ауылының солтүстігіндегі Ақбауыр тауының жотасында орналасқан. Астрономия, аспан әлеміне қызықсаңыз, ежелгі адамдардың ешбір технологиясыз аспан кітабын қалай оқығанын өз көзіңізбен көріп қайтсаңыз болады.

Ақбауыр тауын айнала ұзын саны 80-ге жуық петроглифтер мен суреттер кездеседі. Соның ішінде адамдардың бейнесі, арқар, тау ешкі, бұғы, арба суреттері және әр түрлі таңбалар бар. Қызыл охрамен салынған, елімізде аналогы жоқ суреттерге қатысты әр түрлі пікір айтылады. «Күн мен жұлдыздарды бақылау кезінде жасалған аспан картасы», «ежелгі адамдар осы арқылы астрономиялық бақылау жасаған» деген пайымдар да бар.

Мәселен, онда төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір бар. Диаметрі 1 метрдей. Егер тура қарасаңыз, жүрек тәрізді. Күндіз жарық түсіріп, ал түнде жұлдыздарды анық көрсетіп тұрады. Қабырғасына салынған суреттерге қарап, ежелгі адамдар табынған киелі орын болған деген болжам айтылады.

Тау жоталарының аппақ шыңы солтүстік төбесіндегі шоқылар арқылы Поляр жұлдызына бағытталып, жолға бағыт беріп тұрады. Бұл тастар «қарақшы» немесе «қарауыл» деп аталады. Тау мен жоталардың шыңында көрініп, жол сілтеуші қызмет атқарады.

2012 жылдан бастап «Ақбауыр» территориясы мемлекет бақылауына алынып, айнала темір қоршау қойылды.

«Берел» қорымы

«Бесінші кереметті» түйіндейтін – түркі әлемінің түп төркіні Алтай тауындағы, қазақ қана емес, әлем тарихы үшін де маңызды болып есептелетін «Берел» қорымы. Сақ және түркі кезеңдерімен мерзімделетін 100-ден астам обадан құралған қорым 4000х1000 шаршы метр жерді алып жатыр. Катон-қарағай ауданы, Ресей, Қытай, Моңғолия елдерімен шектесетін аймақта орналасқан. Бұқтырма өзенінің жағасы, оған құятын Ақ Берел (Ақбұлақ), Бұланты тау өзендерімен шектеледі. Теңіз деңгейінен 1200 км биіктікте жан-жағы таумен қоршалған тегіс жазық «Патшалар мекені» деп аталып кеткен. Мұнда жүргізілген ғылыми зерттеулер «XX ғасырдың археологиялық сенсациясы» деп танылған.

1865 жылы «Берел» қорғанын ең алғаш болып зерттеген археолог ғалым В.В.Радлов жергілікті халықтан патша қорғандары, оның ішінде алтын тақпен жерленген ханшайым туралы аңыз-әңгімелерді естиді. Ханшайымның обасын таппаса да, Радлов бас-аяғы 150 оба қазып, Үлкен Берел қорғанын ашқан. Тоң басқан қорғанды, «мәңгілік мұздатқыш капсула» феноменін сипаттап кеткен. Ежелгі адамдар диаметрі 25-30 метр болатын шұңқырлар қазып, оның ішін қаз-қатар тізіп таспен қалаған. Ал тастардың арасындағы кеңістікке су құйған. Сөйтіп табиғи тоңазытқыш жасаған. Обаларда сан ғасырлар бойы адам денесі мен жанына бірге жерленген заттардың ұзақ сақталуының сыры осы болған.

«Берел» қорымының жүйелі түрде зеттелуі ғалым Зейнолла Самашевтың есімімен тікелей байланысты. 1998 жылдан басталған зерттеулер нәтижесінде қорымның жаңа жобасы жасалып, 20-дан астам объект және 10-11-ші қорғандар зерттелген. Тарихшылардың айтуынша, бұл өлкені скиф-сақ және сармат тайпалары мекендеген. Археологиялық ескерткіштер олардың метал қорытып, оны өңдей білетін зергер, шебер суретші болғандығын көрсетеді. Қорғаннан табылған әшекей-бұйымдар мен олардың стильдік фантазиясы қолөнердің қайталанбас түрі болып есептеледі.

P.S. «Өткенін білмегеннің келешегі бұлыңғыр» деген сөз бар. Жоғарыда аталған рухани-мәдени жерлер тарихымыздың тамшыдай ғана бөлігі болғанымен, танымымызды арттырып, руханиятымызды қалыптастыруға зор септігін тигізетіні сөзсіз. Жан мен тәніңіз қоса демалатын мұндай мекендерге жолыңыз түсіп жатса, сәттілік тілейміз!

Күлпаш Шынбат

«Азаматтық журналистика» жобасы