Өскеменнің тереңнен бастау алар тарихы

Өскемен

Алтайдың бауырында өскен елім

Бұл өңір жүрегі бар түркілердің

Ал жүрегің сыздап шықса не істер едің…

Р.Есдәулетов

Ертіс және Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан, шығыс өңірінің орталығы Өскемен қаласының тарихын бірқатар журналист-ғалымдар зерттеп жүр.

Қаланың орысша атауы – Усть-Каменогорск, «усть» — құю, судың құяр жері, «камень»-тас, «гор» -тау, «устье каменных гор» болып бірлесіп, табиғи ерекшелігіне сай аталған. Ал, Өскемен сөзі фонетикалық өзгеріске ұшырап, қазақшаланған нұсқасы. Бұдан бөлек «Усть-кем» орыс тілінен емес,  түркі-алтай тілінде «Сулы өзен»  деген мағынаны білдіретіндігі журналист Б.Тоқанұлының жазба деректерінде кездеседі. Сондай-ақ, Өскеменнің ертедегі атауы «Дом» болғандығы жайында да ақпар бар, Қ.Халидтің «Тарауих хамса» кітабында: «Дом» атауы мұнда орыс ұлты келмей, қала салынбай тұрған сəттен бастап Дом атты кісінің қыстауы болғанынан қалған. Орыстар да алғаш дом атағанымен, соңынан өзгертті,- дейді.

Ал, қала тұрғындарының арасында кеңінен тараған тағы бір бейресми атау – «1720» жыл деген дата қаланың қалыптасқан уақытын көрсетеді – мыс. Осы орайда Өскемен бекінісінің салынуы жайлы тарихтағы бірер мағлұматты ұсынсақ:

Барлығы алтыннан басталды…

1710 жылы Сібір губернаторы болып сайланған князь Матвей Гагарин Еркеті (Яркенд) қаласы маңында жергілікті халық қазып алып жатқан алтын құм көп екен деп І Петрге хабар жібереді. Мұндай жаңалық патшаның жанына майдай жағады, Сібірді тұтас жаулап патша Шығыстың сауда жолына бет алмаққа әрекет етеді.

1714 жылғы 22 мамырда «Святая Наталья» галерасында «Алтынды кұм бар жерлерді иеленіп алу үшін подполковник Иван Дмитриевич Бухгольцтің басқаруындағы экспедицияны жабдықтау туралы» жарлыққа жеке өзі қол қойды. Бір жыл өтіп осы жарлық негізінде Ямышев өзені маңында бекініс тұрғызылады, алайда бекіністі жоңғарлар қиратып салады. Көп кешікпей патшаның өз өкімімен майор И.М. Лихарев басқаратын тағы бір әскери команда дайындалады, оған көлді толығырақ зерттеу, «алтын құмды» іздестіріп, ол туралы мәліметтер жеткізу міндеті жүктелді; сондай-ақ оған И.Д. Бухгольц экспедициясының сәтсіздікке ұшырауының егжей-тегжейін білу де тапсырылады.

Алайда экспедицияның келе жатқан жолын үздіксіз қадағалап отырған жоңғарлар И.М. Лихаревтің солдаттарына оқ атып, оларды шегінуге мәжбүр етті. Орыс артиллериясынан едәуір зиян шеккеніне қарамастан, ойраттар өз мақсатына жетті: үш күндік атыстан кейін уақытша бітім жасасуға қол жеткізеді. Шегінуге мәжбүр  болған Лихарев (1720 жылы 12-17 тамыз) қайтар жолында Үлбі өзенінің бойында Ертіс шебінің бір бөлімі Өскемен бекінісін салды. Араға жылдар салып, бекініс станица, кейін уезд, ал 1868 жылы қала статусына ие болады.

Қала тарихына қатысты жарияланған деректердің дені көп жағдайда осымен шектеліп жатады. Бірақ келтірілген осы дәйек көздері қала тарихының, жалпы Ертіс бойындағы мәдениеттің бастауы деуге келе қоймас. Орыс отаршылдары келмей тұрып та, түркі әлемінің тұтқасы болған бұл мекенде өркениет қалыптасқан-ды. Аталған мәселеге қатысты алғашқы материалдар облыстық «Дидар» газетінде жарияланып еді. Археолог-ғалым Зейнолла Самашевтің «Өскемен қаласының өз ішінде де көне қалалардың іздері табылып жатыр» атты сұхбаты, журналист Бодаухан Тоқанұлының «Өскемен атауының түбірін өзге тілден емес, өз тілімізден іздейік» атты мақаласында бірқатар тарихи тың деректер кеңінен қарастырылады.

«.. Дәл осы Ертіс өзенінің бойында ІХ-ХІ ғасырлық араб тарихшысы Әл-Гардизидің жазуы бойынша Қимақ мемлекетінің үлкен қаласы болған. Бұл туралы академик Болат Көмековтің «Государство кимаков ІХ-ХІ вв.» деген іргелі кітабы да жарық көрген. Яғни, сол ІХ ғасырдың өзінде бұл өңірде мал жайып, шашырап жүрген түркілер ғана емес, олардың мемлекеті болған…» дейді археолог З.Самашев сұхбатында.

Археологтардың айтуынша, Ертіс жағасында адамдар ең алғаш шамамен 80 мың жыл уақыт бұрын пайда болған. Өскемен аумағындағы көне қорғандар ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында зерттеле бастады. Шаһар маңындағы көне қорғандарды ең алғаш тарихшы Г.Миллер көріп, 1734 жылы қала іргесіндегі бірнеше қорғанға және Үлбінің оң жағалауында, яғни бекініске қарама-қарсы аумақтағы екі қорғанға қазба жұмыстарын жүргізді. Миллерден кейін 1865 жылы Шығысқа келген атақты археолог В.Радлов: «Ертіске келген кезде біз кең байтақ даладан, өзен жағалауларынан әр аттаған сайын ерте заманнан сақталған, топ-топ болып алыстан көзге түсетін ауқымды қорғандарды кездестірдік. Мұндағы қорымдар ерте заманда бұл жерде біршама халық тұрғанын, үлкен елді мекендер орналасқанын көрсетеді. Олардың біраз бөлігі өзіндік жоғары мәдениетке ие болған. Мұны қорымдар мен олардан табылған көне заттардан анық аңғарамыз» деген.

Соңғы уақытта Өскемен тарихына қатысты «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ең көлемді мақала авторы ретінде Азамат Қасымның  ізденісін атап өткен артық болмас. «Өскемен – мың жылдық тарихы бар шаһар» деп аталатын мақаласында автор қала тарихы қамал салудан емес, арғысы қола дәуірі, Қимақ өркениеті, бекініске дейінгі Ертістің қос қапталында көшіп қонған қазақ өмірін зерттеуден бастау керек дейді. Ол зерттеулердің жоспарлы жүргізілмеуі мен табылған қоныс-қорғандардың сақталмауы сынды кемшіліктер бар болғанымен, шаһар тарихын мыңжылдық деп ресми бекітуге дәйек болатын дәлелдер мен тарихи фактілердің мол  əрі жеткілікті екенін жазады.

Күлпаш Шынбат

«Азаматтық журналистер» жобасының мүшесі