Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі заем беру бойынша рекорд орнатты

заем
Фото: Kapital.kz

Алматы. 29 желтоқсан. 7kun.kz – 2017 жылдың 28 желтоқсанында жалпы сомасы 2,9 млрд теңгені құрайтын 333 заем берілген. Олардың жартысынан астамы, нақтылап айтқанда 172-сі «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында тұрғын үй алуға бағытталған.

Ресімделген заем саны бойынша аймақтардың алғашқы үштігіне Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана және Алматы кіріп тұр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен салымшылар орта есеппен 8 млн теңгенің несиесін алады екен.

«Банк клиенттері отбасылық мерекені өз үйлерінде, өз шаңырағының астында қарсы алуға асығады. Сондықтан ресімделген займдар саны желтоқсан айының соңында күрт артты. Клиенттер пәтер немесе үй алуға керек ақшаға тезірек қол жеткізсін деп біз жұмыс тәртібін өзгерттік. Бұрын заем беру үшін өтініштер сағат 16.00-ге дейін ғана қабылданатын, осы күндері бұл істі арнайы 18.00-ге дейін создық», — дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова.

Ол басқа жұмыс күндері банктің орта есеппен клиенттерге деп 112 заем ресімдейтінін, ал осыған дейін бір тәулік ішінде берілген несиелердің рекордтық саны 175-180 болғанын атап өтті.

Сонымен қатар 2017 жылдың 14 желтоқсанындағы жағдай бойынша банк клиенттерге «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында қосымша 22 млрд теңге берген. Бұл қаражат осыдан тура бір жыл бұрын мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық қордан бөлінген болатын. 22 млрд теңге мемлекеттік бағдарлама бойынша салымшыларды жеңілдетілген шарттармен несиелендіруге арналған еді. «Нұрлы жерге» қатысатын азаматтарда келісім-шарт сомасының кем дегенде 30 пайызын құрайтын сома болған жағдайда алдын-ала тұрғын үй займын алудан үміткер атану мүмкіндігі бар. Бағдарлама талабына сәйкес, займдардың жылдық сыйақы мөлшерлемесі бар болғаны 5 пайызды құрайды.

Бұдан бөлек Қаржы министрлігі «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалуына деп 8 млрд теңге бөлген еді. Аталған қаражаттың 7,3 млрд-ын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне аударды.