Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жылына кемінде 100 млрд теңге бөлінеді

жылына
Фото: Baribar.kz

Алматы. 10 қаңтар. 7kun.kz – Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту үшін, жылына кем дегенде 100 млрд теңге бөлуді тапсырды, деп хабарлайды LS.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында түрлі бағдарламалардың арқасында елдегі тұрғын үй құрылысының көлемі жылына 10 млн шаршы метрден асатынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 10 жылда бір тұрғынды тұрғын үймен қамтамасыз ету 30 пайызға артып, 21,6 шаршы метрді құрады.

«2030 жылы бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізу керек», — деді Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұл тапсырманы орындау барысында жаңа құрылыс әдістерін, қазіргі заманғы материалдарды, ғимараттарды жобалау және қалалық құрылысты жоспарлау мақсатында әртүрлі тәсілдерді қолдану маңызды екенін айтып өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл үшін табиғи монополиялар саласын реттеуді қоса алғанда, заңнамаға өзгерістер енгізу қажет деп санайды.

«Әкімдер мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін белсенді түрде шешуі керек. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін, үкімет жыл сайын бұл жұмысты кем дегенде 100 млрд теңгемен қамтамасыз етуі керек», — деп тапсырды Мемлекет басшысы.