Түркістан облысында сыртқы тауар айналымы 35%-ға ұлғайған

түркістан

Алматы. 26 шілде. 7kun.kz – Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен жиын өтті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегеновтің айтуынша, «көлеңкелі экономикамен» күресуде нәтижелі жұмыс бар. 2018 жылдың алғашқы 6 айында мемлекеттік бюджет жоспары 103% орындалып, нақты 151 млрд теңге өндірілген. Облыстың сыртқы сауда айналымы 1 млрд 249 млн долларды құрап, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тауар айналымы 322 млн долларға немесе 35%-ға ұлғайған. Жергілікті атқарушы және құзіретті органдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бюджетке қосымша анықталған ішкі резервтер есебінен жалпы 13,2 млрд теңге өндірілді. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев салық және бюджетке түсетін басқа да төлемдердің мемлекет бюджетіне толық және уақытылы түсуі мемлекетіміздің экономикалық дамуына, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызы жоғары екенін айтты. 

«Түркістан облысы бюджетінің 80 пайызы дотация арқылы келеді. Біз дотацияны азайту мақсатында салықты уақтылы төлеуіміз керек. Кәсіпкерлер табысын жасырмай, салығын заңға сәйкес төлеп, жанашырлық танытулары тиіс. Мысалы, облыстағы 190 қонақ үйден небәрі 68 млн. теңге салық түссе, 436 кәсіпкер салықты жасырып отыр. Өңір тұрғындарының көлік салығынан қарызы 1 млрд. теңгеге жеткен. Бұл – ойланарлық жағдай. Департамент басшысы көптеген мәселерді атап өті. Олардың бәрін бақылауда ұстап, жұмысты ширатқан жөн», — деді Ж.Түймебаев.