Түркия тамаша табиғатымен, бірегей тарихи және археологиялық мұрасымен, инфрақұрылымымен, қонақжайлығымен әлемнің жер-жерінен ағылған қонақтарды таңғалдыратын елдің бірі. Қазақстандықтар жыл сайын жер көріп, демалу мақсатында жиі баратын үздік 5 елдің қатарында Түркия көш бастап келеді. Мұндағы демалыс орындарының бағалары кез келген саяхатшыға аз қаржыға жақсылап демалуға мүмкіндік береді.

Түркияға барған саяхатшы қайда барғаны жөн? 7kun.kz назарларыңызға  ең танымал 9 демалыс орнын ұсынады.

Каппадокия

Түркия мемлекеті керемет ландшафттарымен бүкіл әлемге мақтанады. Ал Каппадокия болса, тап осы елдің ең бір көп қонақ қабылдайтын туристік нысандарының бірі. Бұл ауданда жанартау атқылағаннан кейін түрлі кейіптегі үңгірлер пайда болған екен.

Фото: aventuraguide.ru

Стамбул

Түркияның астанасы Анкара болғанымен, Стамбул — ең үлкен қаласы. 2010 жылдан бастап, Стамбулға мәдениет астанасы деген атақ берілген. Стамбул — Мәмір теңізінің жағалауында, Босфор бұғазының қос жағасында орналасқан заманауи стильде биік ғимараттармен әсемделген қала. Ол Еуропа мен Азия құрлығының, дәстүрлі Шығыс пен заманауи Батыстың ортасында орналасқан. Келген туристер қаланың ерекше архитектурасымен, мәдениетімен және түрік елінің дастарханымен танысады. Қазақстандықтар көбіне мұнда сауда жасау үшін, тарихи, мәдени орындарды көру үшін барады.

Стамбулға жетудің жалғыз жолы ол — әуе жолы. Қазақстаннан Cтамбулға екі бағытта ұшатын AirAstana әуе компаниясының билеттері 100 000 теңге шамасында. Қалада метро, автобус, фуникулер, паром, миниавтобус, мармарис, долмыш деген түрлі көлік түрлері бар. Барлық көлік құралдарына IstanbulCard пластик картасы қолданылады. Картаның құны 10 лира, біздің ақшамен 700 теңге болады.

Келесі мәселе – қонақүй құны. Қарапайым қонақ үйге күніне 10 доллар төлеп тұруға болады. Егер тіпті бұдан арзандау үй керек десеңіз, Couchsurfing әлде airbnb сайттардың көмегімен өзіңізге арзан кейде тегін тұрғын үй таба аласыз.

Мыңдаған жыл тарихы бар Стамбулдың көркем жерлерін көруге бір айдың өзі кемдік етеді. Дәл қазір көктем айында саяхаттап баратын болсаңыз, Стамбулда қызғалдақтар кезеңі басталған.

Фото: travel.rambler.ru

Ван көлі

Ван — әлемдегі ең үлкен тұзды көл. Ол Армения елінің тау бөктері мен Түркияның шығысында орналасқан. Оның жағасында Немрут-Даг жанартауы бар. Көлдің өзіндік ерекшелігі келушілерге ерекше әсерін сыйлайды.

Фото: armedia.am

Арарат тауы

Бүгінде Арарат деп аталатын тау 1840 жылдан бері ұйықтап жатқан жанартау болып табылады. Ол — Түркияның ең биік нүктесі, биіктігі 5165 метр және жыл бойы басын қар жамылып жатады. Тау етегін құрғақ дала мен шөлейт басқан. Болжамдарға сенсек, дәл осы Арарат тауында киелі Нұх пайғамбардың кемесі тоқтағаны айтылады. Кеменің тоқтауы мүмкін жерлердің бірі Арарат тауының беткейінде 4600 метр биіктікте орналасқан делінген.

Фото: upload.wikimedia.org

Олюдениз (Өлі Теңіз).

Бұл мекен Фетхие қаласынан 15 км қашықтықта, Жерорта теңізі жағалауында орналасқан. Мұнда Эгей теңізі Жерорта теңізімен ұштасады. Түркия үкіметі Олюденизді қорық ретінде өз қамқорлығына алып отыр. Бүгінде Олюдениз – курорттық аймақ ретінде танымал.

Фото: travelday.com.ua

Ликия жолы

Келушілердің сөзіне сенсек, мұнда келген адам өміріндегі ең бір тамаша күндерді бастан өткереді. Себебі бұл жақта ғашықтар оңаша қалып, серуенге шығады. Ликиядан, әсіресе, теңіз бен тау шатқалдарының көрінісі өзгеше көрінеді.

Фото: sav.viperson.net

Памуккале

Памуккаледе мың жылдан астам уақыт бойы табиғи тау бұлақтары ағады. Соның себебінен жергілікті жерде табиғи террассалар пайда болған.

Фото: daisy-tour.com

Капуташ жағажайы

Капуташ жағажайы тау бөктерінің қоршауында орналасқан. Ол қоғам мен өркениеттен шалғай жатқандықтан онда инфрақұрылым жүйесі мүлде дамымаған. Бұл көбіне қоғамнан алшақтағысы келетін жандар үшін таптырмас жер.

Фото: cappadocia-elenatruva.ru

Солтүстік Анатолия тауы

Анатолия тауы мыңдаған жыл бойы жергілікті тұрғындарға баспана орнын алмастырып келген. Олар елдің солтүстігінде 1000 шақырымға созылып жатыр. Туристер бұл мекенге үйлерді тамашалау үшін келеді.