Түркиядағы сәтсіз төңкеріс елге 100 млрд доллар шығын әкелген

432
Фото: ria.ru

Түркиядағы сәтсіз аяқталған әскери төңкеріс ел экономикасына 100 млрд доллар шығын алып келді деп хабарлады елдің Сауда мен кеден министрі Бюлент Тюфекчи. Бұл туралы Hurriyet басылымы хабарлады.

Анкарада болған баспасөз конференциясында сөйлеген Тюфекчи: «Барлық ұшақ, тікұшақ, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды, сонымен қатар көтерілісшілер зақым келтірген ғимараттарды ескергенде шығынның көлемі аз дегенде 300 млрд лир», — деп айтты.

Министрдің сөзінше, барлығына жіті мән беріп тексерсе, шығынның көлемі одан да көп болуы мүмкін. «Оның үстіне, мұндай шығынды жабу қазір бізге қиын болып отыр, себебі шетелден түсетін тапсырыстар саны азайып, туристердің ағыны айтарлықтай бәсеңдеді. Бүлікшілердің кесірінен ел имиджіне нұқсан келді. Көшеде танкілер жүрген, бомба қаупі төніп тұрған парламенті көрген елге шетелдіктер келмейді», — деді Бюлент Тюфекчи.

Одан бөлек, министр түрік нарығын сақтап қалғандарға алғысын білдірді. Шенеуніктің айтуынша, бүлік болған күннің ертеңіне-ақ банктер мен коммерциялық орталықтар жұмыстарын бастап кеткен. Бұл қаржының шетелге ағылуынан сақтап қалған.