Табыс және шығыс декларациясын 5 жылға кері шегеру ұсынылды

539
Фото:forbes.kz

Мәжіліс депутаты Нұртас Сабильянов табыс пен шығысты міндетті жариялау уақытын кері шегеруді ұсынды. Бұл туралы ол «Нұр Отан» фракциясының кеңейтілген отырысы кезінде мәлімдеді. 

Оның сөзінше, құжат арқылы декларацияны электронды форманы қосқанда 3 түрлі жолмен өткізу жолы қарастырылған. Бірақ қазіргі уақытта барлық елдімекендерде желіге қосыла алатын мүмкіндік жоқ дейді ол.

«Кейбір елдімекендерде интернет-байланыс қарастырылмаған. Интернет жоқ, яғни тұрғындар желі арқылы декларацияны өткізе алмайды. Нәтижесінде барлығы пошта немесе арнайы қабылдау нүктелерінде декларацияны қағаз түрінде толтыруға тырысады. Ауылдағы пошта ұйымдарының қызметкерлері үлкен көлемдегі декларацияларды қабылдауға дайын ба?», — деп сұрайды депутат.

Жеке тұлғалардың өз бетімен декларация тапсыруы яғни салық қызметіне баруы да мүмкін. Салық қызметіндегі қызметкерлердің штаты шектеулі, ал тұрғындардың саны көп екендігін ескерсек ұзын-сонар кезектер басталады деп есептейді Нұртай Сабильянов.

«Жалпы халықтық табыс және шығыс декларациясын енгізу мерзімінің бірінші кезеңін 2017 жылдан 2022 жылға, ал екінші кезеңін 2020 жылдан 2025 жылға кері шегеру қажет. Яғни елдімекендерді толығымен интертен-байланыспен қамтыған уақытқа дейін», — деген ұсыныс айтты депутат.

Ал вице-министр Ардақ Теңгебаевтың айтуынша, 15 шілдеде міндетті жариялауды енгізгенге дейін барлығы дайын болады. «Біздің ойымызша, ол уақытқа дейін барлық инфрақұрылымды, ұйымдастыру шараларын дайындаймыз», — деді ол сеніммен.