Талдықорғанда Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды

2177
қызмет

Алматы. 5 шілде. 7kun.kz — Астана күні қарсаңында Талдықорған қаласында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы бүгін Орталықтың ашылу салтанатында белгілі болды. Жаңа ғимараттың ашылуымен жастарды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жастарға қызмет көрсету орталығы бірнеше бағытта қызмет көрсететін болады. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020», «Қолжетімді тұрғын үй — 2020», «Серпін — 2050», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары бойынша жастар арасында түсіндіру-насихаттау бағытында жұмыс жүргізбек. Ол үшін Орталық осыдан бір жыл бұрын бағдарламалардың әкімшісі саналатын мемлекеттік органдарға жастарды арнайы тағылымдамадан өткізіп, тәжірибе жинақтауына жағдай жасаған. Қазіргі кезде сол мамандар жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша бағыт беретін болады.

«Бүгінгі ашылып отырған Жастарға қызмет көрсету орталығы жастардың жаңа идеялары мен жобаларына бағыт береді, күш-жігерін біріктіріп, түрлі мәселелері бойынша көмек көрсетеді. Жастардың әрі демалатын, әрі білімін жетілдіретін, әрі  пікір алысатын, оларды жан-жақты қолдауға барлық мүмкіндіктер жасайтын ортақ шаңырақ болады деп сенеміз, — деді А. Баталов салтанатты рәсім кезінде.

Аталмыш ғимараттың құрылысын жүргізген «Азияэнергопроектмонтаж» ЖШС басшысы Айдар Қиялбай орталықтың символикалық кілтін Жастар ресурстары орталығының директоры Айдын Нұрмұханбетовке салтанатты түрде тапсырды.

Ғимараттың лентасы қиылғаннан кейін қонақтар Орталықтың ішімен танысып, түрлі кабинеттерді, студияларды, интернет-кітапхананы, коворкинг, фитнес-орталықты, антикафе, сол сияқты білім беру, жұмыспен қамту, жастардың жобаларын қолдау бағыттарындағы консультациялық орталықтарды аралап көрді.