Ташкентте Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы өтті

Өзбекстан-Қазақстан
Фото: kursiv.kz

Алматы. 13 наурыз. 7kun.kz – Бүгін Ташкент қаласындағы Hyatt Regency қонақ үйінде екі ел министрлері орынбасарларының қатысуымен қазақстандық тауар өндірушілердің сауда-экономикалық миссиясы аясында Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумы өтті.

Қазақстан тарапынан делегацияны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермен Көшербаев, өзбек тарапынан делегацияны Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Лазиз Кудратов басқарды. Бизнес-форумға және сауда-экономикалық миссияға екі елдің мемлекеттік органдарының, ұлттық компанияларының және іскер топтарының 200-ден астам өкілі қатысты.

Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы мен Сауда-экономикалық миссиясын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және Қазақстанның сыртқы сауда палатасымен бірлесе ұйымдастырды.

Өзбек тарапынан Өзбекстан Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты — тікелей байланыстар орнату, қазақстандық кәсіпорындар мен әлеуетті сатып алушылар арасындағы сауда қатынастарды кеңейту, сондай-ақ B2B форматында екіжақты кездесулер өткізу.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытудың үш негізгі бағыты сауда-саттықтың өсімі, инвестициялық ынтымақтастықты күшейту және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту екенін атап өтті.

Бизнес-форумның аясында B2B форматында Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері арасында экономиканың түрлі салаларында: агроөнеркәсіптік кешен, азық-түлік өндірісі, химия өнеркәсібі, машина жасау және тағы да басқа екіжақты келіссөздер жүргізілді.

Бизнес-форум барысында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның сауда-экономикалық әріптестігін одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен ынтымақтастық пен перспективалар туралы таныстырылымдар жасалды.