Tengri Bank пен Capital Bank бірігеді

Фото:Forbes.kz

Алматы. 15 наурыз. 7kun.kz — Tengri Bank пен Capital Bank акционерлері екі қаржы институттарының бірігуі туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Tengri Bank баспасөз қызметі хабарлады.

Банктердің жалпы ортақ капиталы 43,2 млрд теңгені құрайды. Бұл екінші деңгейлі банктер рейтингісінде 17 орынға көтерілуге мүмкіндік береді. Біріккеннен кейінгі капиталдың жеткіліктілік нормативі 19 пайызға жетеді. Ол минималды шектен 2,4 есе жоғары.

«Аталған жағдай ен бірінші екі банктің де депозиторларының қызығушылығын тудырады. Қаржы институттарын бірігу арқылы кеңейту екі банктің де стратегиясында қарастырылған. Келіссөздердің сәтті аяқталуы бұл бағыттың әрі қарай дамуына жол ашады»,-деп жазылды баспасөз хабарламасында.  Қайта құру жұмыстары ҚР заңнамасында көрсетілген талаптар мен халықаралық стандартқа сай жүзеге асады.

2016 жылдың желтоқсан айында «S&P Global Ratings» халықаралық рейтинг агенттігі «Tengri Bank» АҚ «B+» деңгейіндегі ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін растады. Ал наурызда «Capital Bank Kazakhstan» АҚ-ның ұзақ мерзімді кредит рейтингісі «B-» деңгейінде болды. Бұл рейтингтер банктердің қаржылық жағдайының тұрақты екендігін көрсетеді.