Алматы. 25 шілде. 7kun.kz — Tesla электромобильдерін өндірушісі 30 маусымда аяқталған 2019 жылдың екінші тоқсанына арналған есептерді жариялады. Автокөліктердің рекордтық сатылуына қарамастан, қаржылық нәтижелер сарапшылардың болжамдарынан нашар болды, деп жазды The Wall Street Journal.
Табыс 2018 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 59%-ға артып, 6,35 миллиард долларды құрады. Сарапшылар 6,41 млрд доллар көлеміндегі түсімді күтті. Таза шығын 408,3 миллион долларды немесе бір акцияға 2,31 долларды құрады. Бір жыл бұрынғы шығын 717,5 миллион доллар немесе бір акция үшін 4,22 доллар болды. Түзетілген шығын акцияға шаққанда 1,12 долларды құрады, сарапшылар акцияға 0,35 доллар шығын келеді деп болжаған.
Өз кезегінде, Tesla 2019 жылдың үшінші тоқсанында кірістілікке оралуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Сәуір-маусым айларында Tesla 87 048 автокөлік шығарды және клиенттерге 95 356 автокөлік, оның ішінде 77 634 Model 3 машинасын жеткізді. Жеткізу көлемі компания үшін рекордтты орнатты. 2019 жылдың алғашқы алты айында Tesla клиенттерге шамамен 158,2 мың автомобиль жөнелтті.
Акционерлерге жазған хатында Tesla басшысы Илон Маск компания 2019 жылға арналған жеткізілімдер бойынша 360 мыңнан 400 мыңға дейін бұрынғы болжамын ұстайтынын жазды. Жыл соңына қарай компания аптасына 10 мың Model 3 машинасын шығаруды жоспарлап отыр, қазір оның көлемі 7 мыңды құрайды.
Компания шоттарында 5 млрд доллар бар, бұл Tesla тарихындағы ең жоғары сома. Оған акцияларды сатудан және 2019 жылдың мамыр айында облигацияларды шығарудан түскен 2,7 млрд доллар кіреді. Еркін ақша ағыны 614 млн долларды құрады.
Сонымен қатар, Tesla 2019 жылға арналған күрделі шығыстар болжамын қайта қарады: енді ол 2-2,5 млрд доллардың орнына 1,5-2 млрд доллар болды. Бұл ақшаны компания Шанхайдағы Gigafactory құрылысын, Model Y және Tesla Semi автомобильдерін жасауды, сондай-ақ зарядтау станциялары желісін кеңейтуді қоса алғанда, өзінің негізгі жобаларына жұмсайды.
Айта кетейік, 24 шілдедегі сауда-саттық аяқталғанда Tesla акциялары бір данаға 264,88 долларға бағаланды. Кеңейтілген сессияда акциялар 9,3%-ға төмендеп, 240,23 долларды құрады. 2019 жылдың басынан бастап Tesla акциялары 22%-ға төмендеді.