Тоқаев Үкіметке салық саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды

Фото: akorda.kz

Бүгін Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде салық саясаты мен әкімшілендіру арасында теңгерімсіздік байқалатынын айтты. Үкіметке бизнес қоғамдастықпен бірлесе отырып, Салық саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.

Сонымен қатар, мемлекеттік саясаттың үнемі өзгеруіне және құбылмалылығына қатысты кәсіпкерлердің шағымдануы орынды екенін айтты. Осыған байланысты Президент «Жаңа экономикалық саясат» жобасын әзірлеуге бизнес-қоғамдастықты тартуды тапсырды.

«Үкімет пен Президент Әкімшілігінен экономикалық саясаттың макро, салықтық, бюджеттік, қаржы-кредиттік және басқа да негізгі компоненттерін қамтитын доктриналық құжат күтемін. Бұл жұмыс бизнестің конструктивті қатысуымен жүргізілуі керек. Өйткені осындай жолмен ғана қажетті әрі тиімді реформалар жасай аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.