Тоқаев: «Мақсат — Өзбекстанмен өзара сауда көлемін 5 млрд долларға ұлғайту»

27
Тоқаев
Фото: Vlast.kz

Алматы. 15 сәуір. 7kun.kz — Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда көлемін 2020 жылға қарай 5 млрд долларға жеткізуді  көздейді. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Өзбекстан мемлекетіне мемлекеттік сапары кезінде  мәлімдеді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан мен Өзбекстан бір-бірін күрделі сәттерде қолдап, жетістіктеріне шын жүректен қуанып, қол ұшын береді. Біз берік және үйлесімді қарым-қатынас құрдық, олардың негізінде бір мақсат — екі елдің өркендеуі жатыр», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел сауда-экономикалық салада үлкен мүмкіндіктерге ие.

«Екі мемлекет өзара сауда көлемін 2020 жылға дейін 5 млрд долларға дейін ұлғайтуды көздейді», — деді ҚР Президенті.

Сондай-ақ, Қазақстан басшысы белгілі бір қиындықтар бар міндеттер туралы айтты.

«Біз барлығымыз үшін ортақ өңірлік проблемалармен: терроризм, діни экстремизм, заңсыз қару сату, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон және есірткі трафигі сияқты проблемалармен бетпе-бет кездесеміз. Ауғанстандағы жағдай да алаңдаушылық тудырып отыр, ол біздің өңірдің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Мұның бәрі бізден жүйелі, келісілген, алдын алу шараларын талап етеді. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан екі елдің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері арасында байланыс орнатып жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда 2019 жыл Қазақстан жылы деп жарияланды. 14-15 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапары өтеді.