Тот баспайтын болат өндіру рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін

1525
Тот баспайтын болат өндіру рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін

Әлем бойынша тоттанбайтын болат шығарылымы 2015 жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізуі мүмкін.

Британиялық «MEPS» консалтингті компаниясы, осы жылы әлемдегі тот баспайтын болат өндірісі 4,9%-ға, яғни рекордты 43 млн тоннаға жетуі мүмкін деген болжам жасап отыр.

Егер, бұл болжам шындыққа айналса, онда тарихи жетістік орын алмақ.

Аталмыш компанияның баспасөз-баянында, «өткен жылы тот баспайтын болат өнімі 41 млн тоннаға жетсе, 2013 жылғы көрсеткіш 7,6%-ға артық болған» деп жазылған.

Өткен жылы тоттанбайтын болат өндірудегі өсім Оңтүстік Кореядан басқа барлық өңірлерде айқын көрініс тапқан. Ең жоғары өсім АҚШ пен Жапон елдерінде байқалса, Еуроодақ пен Тайван елдері төменірек көрсеткішке ие.

Алайда, хабарламада көрсетілгендей, өндірісті елдердің еш қайсысы 2006 жылғы өндіріс шыңына көтеріле алар емес.

Қытай өткен жылы өндіріс көлемін 2006 жылмен салыстырғанда 4 есеге арттырған.

Алайда, сарапшы-мамандардың пікірінше, жақын арада Қытай өз қарқынын бәсеңдетеді деп күтілуде. Олардың айтуынша, 2015 жылы бұл елдегі өндіріс көлемі 5%-ға артып, 22,9 млн тоннаны құрамақ.

Осылайша, Қытай Халық Республикасына әлемдік өндіріс көлемінің жартысына жуығы түспек.