ТҚЖБ 8 мыңнан астам алматылыққа баспаналы болуға көмектесті

25
тұрғын
Фото: tengrinews.kz

Алматы. 17 қазан. 7kun.kz — Жыл басынан бері Алматының сегіз мыңнан астам тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегімен баспана сатып алды. Салыстыру үшін, осыдан үш жыл бұрын ТҚЖБ қаланың үш мың тұрғынын тұрғын үймен қамтамасыз еткен.

ТҚЖБ баспасөз қызметі Алматыда күн сайын 40 салымшы қоныс тойын атап өтетінін хабарлады. Қала тұрғындары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі банктің қолданыстағы және жаңа бағдарламаларының арқасында жыл сайын артып келеді. Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматыда 1 300 қатысушы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

«2019 жылдың көктемінде ТҚЖБ желісі бойынша «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы пилоттық режимде басталды. Оның көмегімен 284 алматылық отбасы қазірдің өзінде қарыз алып, өз үйіне барды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 313-ге жуық көп балалы және толық емес отбасы «Бақытты отбасы» республикалық бағдарламасы аясында тұрғын үй алады. Қазір олардың несиелік өтінімдерін қарау және қарыз беру үдерісі жүріп жатыр», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларға азаматтардың белгілі бір санаты қатыса алады, бірақ ТҚЖБ салымшыларының барлығы оған сәйкес келмейді. Сондықтан банк өзінің барлық клиенттерін қолжетімді баспанамен қамту үшін пәтерлерді «Өз үйі» бағдарламасы арқылы сатады. Ол нарықтық бағадан төмен бағамен коммерциялық нарықта тұрғын үй алуға мүмкіндік береді.

«Осы кезеңде біз қалада сегіз тұрғын үй нысанын ұсынамыз. Олардың бірі — «На Жандосова» тұрғын үй кешені. Онда біз 1 шаршы метр үшін 260 мың теңгеден бастап 95 пәтерді сатамыз, ал 2019 жылғы қазанда қала бойынша тұрғын үйдің орташа құны 1 шаршы метр үшін 365 мың теңгені құрады. Пәтерлерді броньдауды клиенттер дербес түрде baspana.kz жылжымайтын мүлік порталы арқылы өз бетінше жүргізеді», — деді Алматы қалалық ТҚЖБ филиалының директоры Гүлзат Симтикова.