Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізілді 

2035
Фото: trade-help.com

Астана. 7 маусым. 7kun.kz — 2016 жылдың 21 сәуірінде ҚР Парламент Сенаты «Тұтынушылар құқығын қорғау мәселелеріне қатысты ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы» ҚР заңын қабылдады. Заң 2016 жылдың 7 мамырында күшіне енді.

Оған сәйкес, тауарды қайтарып беру мерзімі тауарды сатып алған күннен бастап 14 күнтізбелік күннен 30 күнге дейін ұзартылды.

Жаңа заңға сәйкес, келісімшартқа тұтынушының құқықтарын бұзатын немесе шек қоятын шарттарды қосуға болмайды. Осы шарттар «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының жаңа 8-1-бабында көрсетілген. Мәселен, атқарушы мен тапсырыс беруші арасында жасалған келісімшартта қызметтерді көрсету кезінде тапсырыс берушінің өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтірген жағдайда атқарушы жауапкершіліктен босатылады дейтін шарттар болмауы тиіс. Егер де келісімшартта мұндай  шарттар болған жағдайда, олар жарамсыз деп танылатын болады.

Сондай-ақ, енді сатушы тұтынушылардың сауда залдарында сурет немесе бейнетүсірілімді қолдануға қатысты құқықтарын шектеуіне болмайды («Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңы 24-бабы). Осыған орай сатушының қауіпсіздік қызметі тұтынушыларға сауда залдарында сурет немесе бейнетүсірілімді жүргізуіне тыйым салуға құқығы жоқ.