Тяньцзиндегі апат шығыны 1,6 млрд долларға дейін жетуі мүмкін

338

Мемлекеттік БАҚ-тың мәліметінше, қытайлық сақтандыру компаниялары Тяньцзиндегі апат шығыны 1,6 млрд долларға дейін жетуі мүмкін деген болжам жасады.

12 тамызда Қытайдың портты қаласында болған жарылыстан елге шетелден импортталған 10 мыңға жуық көлік (көпшілігі — Renault, Toyota, Volkswagen және Land Rover) жанып кеткен еді. Қайтыс болғандардың саны ресми түрде 112-ге жетті, тағы 95 адам із-түссіз жоғалғандар қатарында. Жексенбі күні ҚХР басшылығы апат аймағының маңы қауіпсіз деп мәлімдеп, жергілікті БАҚ-тың ірі көлемдегі эвакуация туралы ақпаратын жоққа шығарды.

Жергілікті билік із-түссіз жоғалғандарға қатысты нақты мәлімет хабарламағандықтан, олардың туыстары өз күштерімен әлеуметтік медиа арқылы тізім жасап жатыр. Бұл әрекет елдегі Қытайлық Киберкеңістік Әкімшілігі (ҚҚӘ) арқылы бақыланып отыр. Осыған дейін ҚҚӘ жарылыстың салдары туралы жалған ақпарат таратқан 350-ден астам аккаунтты бұғаулап үлгерді.

Алдын-ала есеп бойынша, Тяньцзиндегі жарылыстан 17 мыңға жуық үй және 1500-нан астам компания зардап шеккен. 1000-ға жуық дүкен жанып кетті.