Универсиада-2017 билеттерін сату басталды

Фото:almaty2017.com

Алматы. 22 қазан. 7kun.kz — Универсиаданың басталуына 100 күн қалуына орай алдағы халықаралық студенттер ойындарына билеттер сатылымға шықты. Билеттерді сатумен айналысатын ресми веб-порталдар: www.almaty2017.com, www.fisuticket.com және www.kassir.kz.

«Енді кез келген ниет білдірген адам Қазақстанның түкпір-түкпірінде немесе әлемнің кез келген жерінде Универсиада-2017 билеттерін сатып ала алады. Бүгінгі таңда тау шаңғысы, биатлон, шаңғы сайысы, шаңғы қоссайысы, сноуборд, фристайл, керлинг, шорт-трек, хоккей, трамплиннен секіру және конькимен жүгіру спорты сайыстары бойынша билеттер сатылымға түсті», — деп мәлімдеді қысқы Универсиада-2017 дайындық және оны өткізу дирекциясында.

Универсиада-2017 сайыстарын тамашалауға арналған билеттердің бағасы 300 теңгеден бастап 3 500 теңгеге дейін және Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаттарына арналған билеттер 3 мыңнан бастап 15 мың теңгеге дейін құрайды.

Алдын ала бағалау бойынша билеттерді сатудан түсетін қаржы 200 млн теңгеге жуық болуы мүмкін.