Венесуэлада қанттың жетіспеуіне байланысты Coca-Cola өндірісі қысқарды

Фото:mignews.com

Мексикалық Coca-Cola FEMSA компаниясы өндіріске қажетті кейбір өнімдердің жетіспеуіне байланысты Венесуэлада Coca-Cola өнімін шығаруды тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы El Economista сайты хабарлайды.

Қазіргі уақытта компанияда сусынды өндіруге қажетті қант жетіспейді. Осыған байланысты тасымалдаушылар тауар жеткізуді азайтқан.

«Осы жағдайдан шығудың барлық амалдарын қарастырамыз. Біздің басты міндетіміз — компания қызметкерлерімен, органдармен, тасымалдаушылармен ортақ шешім қабылдау», — делінген Coca-Cola FEMSA таратқан хабарламада.

Соңғы уақытта Венесуэлада азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігі жиі орын алуда. Мемлекеттің Сыртқы істер министрі Делси Родригес тауарлардың жетіспеушілігіне АҚШ билігін кінәлап отыр.