Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе аутизммен ауыратын балаларға баспана сыйлады

2219

Алматы. 3 наурыз. 7kun.kz – Алматыда аутизммен ауыратын балаларды емдеуге арналған «Аутизмді жеңеміз» жобасының үйі ашылды.  Қайырымдылыққа мұқтаж балаларға бұл үйді «Kaspi Bank» АҚ құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе сыйға тартқан.

Бұл жобаны аутизммен ауыратын балалары бар ата-аналар 2011 жылы бастаған. 2013 жылдан бері жобаға «Добровольное общество милосердие» (ДОМ), «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және бірқатар компаниялар қолдау білдіріп келген. Алайда 2011 жылдан бері орталықтың тұрақты мекені болмай жиі көшуге мәжбүр болған. «Аутизмді жеңеміз» жобасын құрушылардың бірі Салтанат Кубеева үйді сыйға тартқан белгілі меценат, бизнесмен Вячеслав Кимге әлеуметтік желідегі алғыс хатында тұрақты орталықтың болмауы аутизммен ауыратын балалар мен ата-аналары үшін аурумен тең қиындық болғанын айтады.

«Құрметті Вячеслав Константинович! Мен,  26.11.2005 жылы дүниеге келген Нұрпейісова Аружан Әлнұрқызының анасымын. Менің қызым «Аутизмді жеңеміз» жобасының мүшесі. 2,4 жасында қызымда аутизм белгісі анықталып, В.Я. Матвиевскийдің әдістемесі мен оның тамаша мамандардан құрылған командасының арқасында емделді. Қазір менің Аружанымның денсаулығы жақсы. Мұны барлық тексерістер анықтады. Мен Алматыда аутизммен ауыратын балалары бар ата-аналар құрған Қауымдастық құрушыларының бірі болдым. Аружаным екеуміз Ресейде, Мәскеуде отбасы, туыс, достарымыздан алыста ұзақ уақыт емделдік. Аружанның ем нәтижесі тамаша болды. Осыдан кейін біз Қазақстанда да біздің балаларымызбен айналысатын осындай орталық құрылса деп армандадық. Осы мақсатпен, 2011 жылы біз бірінші рет ата-аналармен бірлесіп үй жалдап, Мәскеуден арнайы маман алдырттық. Одан бері 3 үй жалға алдық. Әр кез сайын үйді үлкейтуға тура келді. Өйткені балалары ауырған ата-аналар көбейіп отырды. Алайда үйдің жалақысы, коммуналдық қызметті төлеу, мамандардың ақысы бізді ата-аналарды қинай бастады —  әдістеме бойынша балалармен айналысу аналардың мойнына түскендіктен, қаржылық ауыртпалықты әкелер өз мойнына алды. Бірақ қарапайым адамдардың мүмкіндігі шектеулі… 2013 жылы «ДОМ» қоры мен «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ қолдауының арқасында біз бірінші рет қаржылай қолдауға ие болдық. Балалар көбейгендіктен 4-ші үйді алдық, одан кейін тағы үлкеюге тура келді. Тағы жаңа үйге көштік. Тағы үлкен үй, ата-аналар, балалар, мүмкіндіктер  көбейді. Бірақ үйді жалға алғандықтан болашаққа сенімсіз қарайсың», деп жазады ол.

Вячеслав Ким мен Михаил Ломтазде үйді сатып алумен қатар толықтай жөндеуден өткізіп берген.

«Вячеслав Константинович! Сіз жасаған қамқорлықты ешқандай сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сіз тек қана үй сатып алған жоқсыз. Сіз оған тек жөндеу жасаған жоқсыз. Сіз мыңдаған, тіпті миллиондаған қазақстандық балаларға денсаулығының мықты болуына үлкен мүмкіндік бердіңіз. Сіздің арқаңызда балалары аутизмді жеңіп, қалыпты өмірге оралған әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің көздерінде үміт оты жанды. Бұл отбасыларды Сіз дағдарыстан құтқардыңыз. Бұл біздің балаларымызға Сіз берген мүмкіндік. Бұл біздің балаларымыздың ел ертеңіне үлес қоса алуына берілген мүмкіндік.  Сіз балалары аутист ата-аналар Қауымдастығының ең үлкен арманын орындадыңыз. Біз осы арманға жеткенге дейін қанша жыл Мәскеуде тұрдық, қанша жыл үй жалдадық, қаншама рет көшіп-қондық… Осы уақытқа дейін біз осындай ғажайыптың боларына, жаттығулар үшін өзіміздің үйіміздің боларына сендік, үміттендік, тіледік, күттік. Сіз ата-аналарға тұрмыстық мәселлерге бас ауыртпай басты мәселе-балалардың емделуге ғана назар аударуына мүмкіндік бердіңіз. Сіздің игі ісіңіз – өз елінің нағыз азаматының ісі. Сіздің іс-әрекетіңіз «Аутизмді жеңеміз» жобасының алға жылжуына серпін береді. Сіздің үлесіңіз біздің қауымдастықтың әрбір мүшесінің жүрегінде. Сіздің ісіңіз еліміздегі бизнесмендерге үлгі болып, Қазақстанның әрбір қаласында Ата-аналар қауымдастығы ашылып, еліміздің әр өңірінде денсаулығы жақсарған балалар көбейеді деп үміттенеміз. Сізге отбасымыздың, «Аутизмді жеңеміз» жобасындағы ата-аналардың атынан басымызды иеміз», — дейді шын жүректен қуанған ата-ана.

Айта кетейік, бұл Вячеслав Кимнің қолдау білдіріп отырған жалғыз жобасы емес. Ол денсаулық, спорт, білім беру салаларындағы қоғамға маңызды жобаларға көмектесіп келеді.

Вячеслав Ким «Kaspi» АҚ арқылы «Kaspi Bank» АҚ 58,24 %-на иелік етеді және банк директорлар кеңесінің төрағасы. Сондай-ақ, «АЛСЕКО» АҚ 90 % иесі. Ол сонымен қатар «Колеса» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі,  «Brasset» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, «Аллюр» Компаниялар тобы» АҚ тәуелсіз директоры, Қазақстан таэквондо Федерациясының президенті, ҚР Ұлттық олимпиадалық комиеті атқару комитетінің мүшесі және РФММ қамқоршылар кеңесінің мүшесі.