WhatsApp қалай пайда болды?

WhatsApp
Фото: macdigger.ru

Сурет пен видеоны оңай жіберіп, файлдарды жүктеп, тегін хабарламалар жолдауға мүмкіндік беретін WhatsApp-ты еңбектеген бала мен егде кісі ғана демесеңіз, бәрі біледі һәм біразы белсенді пайдаланады. Адам өз өмірін жеңілдеткен біраз дүниені жиі қолданғанымен, оның артында терең тарих пен жұмыла жұмыс істеген қаншама адамның еңбегі бар екеніне мән бере бермейді. «Брендтер тарихы» бүгін сіздерге WhatsApp-тың қалай пайда болғаны туралы айтып береді.

Қалай пайда болды?

Бағдарламаны 2009 жылы Ян Кум мен Брайан Эктон жасаған. Бағдарлама аз уақыт ішінде тез танымал болып үлгерді. 2012 жылдың сәуірінде, ресми ақпараттарға сәйкес, WhatsApр көмегімен күн сайын 2 млрд хат жіберілсе, тамызында 10 млрдқа жеткен. Ал 2013 жылдың маусымында 27 млрд хат жолданған. 2015 жылы 50 млрдтан астам хат осы бағдарлама арқылы жіберілгені туралы мәлімет шыққанда Financial Times басылымы «Скайп телефон қоңырауларын қалай азайтса, WhatsApр та SMS хабарламаны солай ысырып тастайды» деп болжаған еді. Олар қателеспеген сияқты: 2016 жылдың ақпанында WhatsApp өзінің ресми блогында қосымшаны қолданушылар саны 1 млрдқа жеткенін жазды.

Жалпы, бастапқыда қолданушылар саны ашық жарияланбайтын. Бірақ Enders Analysis сараптамалық қызметі 2012 жылы қолданушылар саны 100 млнға жетті деп хабарлаған. Статистикаға қарасаңыз, әр жыл сайын қосылған қолданушылар саны миллионнан асып, миллиардқа жетті: 2015 жылы аталған бағдарламаны Android-та қолданушылар саны 1 млрдқа жетті. Бір жылдары бұл қосымша Apple дүкенінде 121 елдегі ең танымал – ең көп жүктелген қосымша болып танылды. 2014 жылғы ақпанның 19-ында Facebook WhatsApp-ты 19 млрд долларға сатып алғанын айтқан. Кейіннен қосымшаны жасағандардың бірі Ян Кум директорлар кеңесінің қатарына қосылғаны белгілі болды.

Хатыңызды ешкім оқымай ма?

WhatsApp-тың алдыңғы нұсқаларында қауіпсіздік шараларының сақталмауы көп сыналды. Негізі айтылғандардың бәрі орынды еді. 2011 жылы өзге қолданушылардың хатын еркін оқу фактілері тіркеліп, қосымша белсенді  юзерлердің кейбірінен  қағылған. 2012 жылы да белгісіз хакер WhatsAppStatus.net сайтын ашты. Сол сайт арқылы оның статусын өзгерте алуыңызға болатын еді. Сол жылдың 14 қыркүйегінде германиялық The H техникалық сайты да кез келген аккаунттан материал «ұрлау» үшін API WhatsApp бағдарламасын қалай қолдануға болатыны туралы жазды. Мұның барлығы WhatsApp-тың қызметкерлеріне үлкен сын-тегеурін болғаны анық

Сурет: hackread.com
Сурет: hackread.com

2016 жылдың сәуірінде шыққан WhatsApp-тың  кезекті 2.16.12 нұсқалы жаңаруында қосымшаның қызметкерлері қауіпсіздік шарасын мықтап қолға алғаны байқалды. Олар Signal(Open Whisper Systems) базасында барлық қолданушылар үшін тура шифрлау (end-to-end) функциясын қосты. Шифрлау текст, фото, видео мен дыбыстық хабарламалар секілді хаттың барлық түріне тарайды.

Олар қалай ақша табады?

WhatsApp мессенджері 2016 жылдың 18 қаңтарынан тегін болды. Бұған дейін қосымшаны бір жыл тегін пайдаланып болған соң, жыл сайынғы төлем 1 АҚШ доллары тұратын еді. Олардың жалғыз табыс көзі де сол еді. WhatsApp-та хабарлама жіберуге ақы алынбағанмен, телефон операторларында интернет-трафик үшін  түрлі тарифтік жоспарлар бар екенін білетін шығарсыз. Компанияның айтуынша, алда микротөлемдер мен жарнамалық баннерлер қосу да жоспарланып отырған жоқ. Қазір WhatsApp-тың кәсіпкерлер мен ұйымдарға, мысалы банктер мен авиакомпанияларға арналған түрлі қызметі сыналып жатыр.