Қытай мен Ресейге ет экспорттау мәселесіне қауіп төніп тұр

Фото:today.kz

Соңғы уақытта еліміздің аймақтарынан төрт түлік жұқпалы ауруларының табылуы қазақстандық еттің сыртқа экспортталуына қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы Қазақстан Жаңалықтары хабарлайды. 

2015 жылы Қазақстан ет экспортын 16 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Қытай қазақстандық еттің импортына қызығушылық танытып отырғандықтан экспорт көлемін көбейту де жоспарланған еді.

«Қытайға экспорт мәселесі бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, бірақ сібір жарасының табылуына байланысты тоқтап тұр», -деді Қазақстанның ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев. Оның айтуынша, малдан пастереллез ауруының табылғанынан да  Россельхознадзор РФ аумағында қазақстандық өнімдерді сатуға тыйым салған.

Жағдай өршіп кетуінің алдын-алу үшін маман жеке аулада мал союды шектеу немесе толығымен тыйым салу қажет дейді.

«Қазір ветеринарлық заң ешбір санитарлық жағдайсыз мал союға рұқсат береді. Ол өнімдер нарыққа шығып кете ме деп қорқамыз. Соңғы уақытта жиі тіркелген жұқпалы ауру таралуының алдын алу үшін жеке үйдің ауласында мал союды шектеуді немесе тіпті тыйым салуды ұсынамыз», — деп атап өтті Бақытбаев. Оның сөзінше, бірді-екілі жағдайға байланысты жылдар бойы жұмыс істеп келген нарықтан айырылып қалуымыз мүмкін.

Өз кезегінде ауыл шаруашылық министрлігіндегі стратегиялық жоспарлау және сараптама департаментінің директоры Серік Ибраев сібір жарасы тек Қарағанды облысында ғана табылғанын атап өтті. Алматы облысынан да табылуы әлі нақтыланған жоқ, сондықтан жағдайды күрделі деп айтуға болмайды дейді ол.

«Ал ресейлік ветеринарлық органдар тарапынан тыйым салуға келетін болсақ, қазір біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл сұрақты шешеміз», — деп сендірді Серік Ибраев.

Осыған дейін, наурыз айында қазақстандық өнімдердің Қытай нарығына шығуы туралы келіссөздер аяқталуға жақын деп хабарланған. Қазақстан ТМД-дағы Қытайға ет экспорттаушы бірінші ел болуы тиіс еді. Ресей бұл мәселеге келгенде жетістікке жете қойған жоқ. Жоспар бойынша, Қазақстан Қытайға жыл сайын 50 мың тонна ет жеткізуі қажет.