«Өз бизнесіңді қалыптастыр» конкурсына өтінім қабылдау басталды

50

Алматы. 23 қазан. 7kun.kz — «Сәби» қайырымдылық қоры жас кәсіпкерлерге арналған «Өз бизнесіңді қалыптастыр» конкурсын алтыншы рет өткізетінін хабарлады.

Айта кетейік, конкурсты белгілі бизнесмендер Вячеслав Ким мен Кеңес Рақышев бірігіп өткізеді. Биыл конкурс серіктестерінің қатарына халықаралық EY («Эрнст энд Янг») консалтингтік компаниясы қосылған.

Конкурста жеңімпаз болған жас кәсіпкерлер бизнес жобасын дамыту үшін қайтарымсыз грантқа ие болады. Сондай-ақ EY компаниясының бизнесті жүргізу мен тұлғалық өсу бойынша шеберлік дәрістерін тыңдайды.

Айта кетейік, жоба соңғы 5 жыл бойы өткізіліп, 41 жоба 1 миллион доллар көлеміндегі қолдауға ие болды.

Конкурсқа бизнес жобасы бар 18-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Қатысу үшін жоба туралы бір минуттық ролик түсіріп, әлеуметтік желілерге орналастырып, entrepreuneur.saby.kz сайтындағы өтінімді толтыру керек. Өтінім 15 желтоқсанға дейін қабылданады. 2019 жылдың бірінші тоқсанында жеңімпаздардың есімі белгілі болады.