Зейнетақы активтері инвестицияланатын бағыттар өзгереді (Видео)

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы инвестицияланатын зейнетақы активтері басқа бағыттарға қайта бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2016 жылы 400 млрд теңге көлеміндегі БЖЗҚ активтерін квазимемлекеттік сектордың борышқорлық құнды қағаздарына инвестициялау жоспарланып отыр. 17 маусымдағы жағдай бойынша БЖЗҚ қаржысының 145 млрд теңгесі квазимемлекеттік үйымдарының облигацияларына инвестицияланған.

Алайда 2016 жылы дағдарысқа қарсы қосымша іс-шаралар жоспарын іске асыру кезінде квазимемлекеттік компаниялар тарапынан 85 млрд теңге көлеміндегі зейнетақы активтеріне сұраныс болмағаны белгілі болды. Сондықтан Данияр Ақышев аталған соманы өңдеуші өнеркәсіптегі айналым капиталын қаржыландыруға қайта бөлу қажет деп есептейді.

Сондай-ақ, ол 2016 жылғы дағдарысқа қарсы қосымша жоспарды жүзеге асыру барысында БЖЗҚ активтерін банктер арасында үлестіру мейілінше ашық жүргізілгенін атап өтті.

Бас банкирдің сөзінше, банктерге жалпы 200 млрд теңге ұсынылған. Қазіргі уақытта екі кезеңмен 94,4 млрд теңге үлестірілді. Дегенмен банктердің бұл қаржыға қызығушылығының болмауына байланысты, қаржыны өзге салаға бұру көзделіп отыр.