Тараз. 2 тамыз. 7kun.kz — Жыл басынан бері ақшаны жария ету акциясы шеңберінде Жамбыл облысында 4,9 млрд теңгеге банктық шоттар ашылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығы Дәурен Абданұлы Төлепбергенов айтты.
Оның айтуынша, ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2016 жылғы 25 шілдедегі жағдайға ақшаны жария ету шеңберінде Жамбыл облысындағы екінші деңгейдегі банктерде және «Казпочта» АҚ 33 шот ашылған, оларға сомасы 4,9 млрд теңге қаражат салынған.
2016 жылдың басымен салыстырғанда мүлікті жария ету науқаны шеңберінде ашылған банктік шоттардағы ақша 1000 есе артқан. Жалпы соманың 99,9% ағымдағы жылдың 7 ай ішінде салынған.
Азаматтардың жария ету науқаны шеңберіндегі белсенділігі ақшаны жария ету рәсімдерінің жеңілдетілуімен, жария етудің бұрын-соңды болмаған икемді талаптарымен, сондай-ақ халықтың осы науқан туралы кеңінен хабардар болуымен байланысты.
Естеріңізге салсақ, мүлікті жария ету, оның ішінде ақшаны жария ету науқаны 2014 жылғы қыркүйекте басталған болатын. 2015 жылғы 29 қарашада 2015 жылғы 13 қарашадағы № 400-V Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілді, ол Заңмен ақшаны жария етудің жеңілдетілген шарттары енгізілді.