Жамбыл облысында тамшылатып суару технологиясының нәтижесі таныстырылды

1111
суару

Тараз. 3 тамыз. 7kun.kz — Жамбыл облысында ауылшаруашылық өндірушілері мен екінші деңгейлі банктер арасында құны 780 млн теңге болатын келісімге қол қойылды. Бұл туралы өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен Байзақ және Меркі аудандарында өткен «Егінжай-2015» семинар-кеңесі барысында белгілі болды, деп жазады BNews.kz.

Жиынға қатысушылар су тапшылығы жағдайында тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын қолдану арқылы мол астық алуға болатынына көз жеткізді.

«Жалпы алғанда, өткен жылы жамбылдық шаруалар 4281 гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолданды, ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 2881 гектарады құраған болатын», — деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жұмыс күні барысында ауданның шаруа қожалықтары аймақ басшысын агрокешенді дамытудағы жаңа технологиялармен таныстырды. «Шарипов» және «Талап» қожалықтары көкөніс және қызылша өсіру саласына жаңа технологияны енгізу тәсілдерінің тиімділігін түсіндірді.

Сондай-ақ, бүгінде 55 гектар жерді тамшылатып, 400 гектар жерді жаңбырлатып суаратын «Сыпатай батыр» ЖШС да өз жұмысымен таныстырды. Мұнда облыс әкімі комбайн жүргізіп, астық жинау жұмысына қатысты. Шаруа қожалығының астық егетін аумағы 100 гектардан аса жерді құрайды.

Семинар-кеңес барысында аймақтың ауылшаруашылық өндірушілері мен екінші деңгейлі банктер арасында құны 780 млн теңге болатын келісімге қол қойылды.