Алматы. 25 шілде. 7kun.kz – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен брифингте «Охотзоопромның» жараланған инспекторы Самат Оспановтың Көкшетау қалалық ауруханасында емделіп жатқандығын мәлімдеді.
«Охотзоопром» қорықшысының жағдайы тікелей менің бақылауымда. Күн сайын оның жағдайы туралы ақпарат келіп тұрады. Дәл қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Толық ем алуын жалғастырады», — деді министр.
Еске сала кетсек, 23 шілде күні Ақмола облысының Жарқайың ауданы аумағында «Охотзоопром»-ның екі инспекторы киік атқандарды байқап қалып, олардың ізіне түскен. Қарсыласқан браконьерлер олардың екеуін де жарақаттаған. Оның бірі көз жұмды. Екінші зардап шегуші Самат Оспанов аудандық ауруханаға жатқызылды.
Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Қаныш Нұртазинов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен, Оспанов ІІ дәрежелі орденімен марапатталды.