Жеңілдетілген автокредит үшін банктер 20 млрд теңге алады

471
жеңілдетілген
Фото: wikers.ru

Алматы. 18 қазан. 7kun.kz — Қазақстанның Даму Банкі екінші деңгейлі банктерге жеңілдетілген автокредит беруге 20 миллиард теңге бөледі.  

Мемлекеттік бағдарлама аясында банктер 14,5 млрд теңге көлемінде бірінші транш алды. Оның ішінде 4 млрд теңге «Халық банкіне», 7,5 млрд теңге «Сбербанкке» және 3 млрд теңге «Банк ВТБ-ке» бағытталған. 2019 жылдың соңына дейін тағы 5,5 млрд теңге бөлінеді.

Бағдарлама бойынша кредит беру шарттары: сыйақы мөлшерлемесі 4%-дан, кредит беру мерзімі жеті жылдан аспайды, қарыз валютасы – теңге, көлік құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс.

«Бұл қазақстандықтар арасында сұранысқа ие өнім. Болашақта жеңілдетілген автокредиттеу аясында тағы да төрт транш күтілуде, олар алдағы төрт жылда банктерге орналастырылады», — деді Қазақстанның Даму банкінің басқарушы директоры Дастан Ахметов.

Өз кезегінде Қазақстандық автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева бөлінген қаражатқа шамамен 2,8 мың қазақстандық жеңілдетілген шарттар бойынша, көліктің орташа құны 4-6 млн теңге болған жағдайда автомобиль сатып ала алатынын айтты.

«Бүгінгі таңда әрбір екінші сатылған автокөлік Қазақстанда шығарылған. Бірінші транш аясында сатып алушыларға елде өндірілетін барлық маркалар қолжетімді болады. Бұл бағдарлама тұтастай ел паркінің жаңаруына ықпал етеді. Қазір нарықта 10 жастан асқан автокөліктердің 70%-дан астамы бар, ал біз елдегі көліктердің 50%-дан астамы үш жастан аспайтындай мақсатқа жетуді қалаймыз», — деді ол.

Еске сала кетейік, аталған бағдарлама елімізде 2015 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде жеңілдікті жағдайларда 15 мыңға жуық жеңіл автокөлік берілді.