Жылжымайтын мүлік бағасы жаһандық жылыну салдарынан арзандайды

31
көпбалалы
Фото: Kn.kz

Алматы. 11 сәуір. 7kun.kz –2050 жылға қарай жаһандық жылынудың әсерінен тұрғын үй бағасы 4,7%-ға төмендеуі мүмкін, деп мәлімдеді Mercer LLC халықаралық консалтинг компаниясы.

Компания зерттеушілері 2100 жылға дейінгі жаһандық жылыну әлемдік экономикаға қалай әсер ететінін талдады.

Зерттеуге сәйкес, 2050 жылға қарай температура жоғарылауын жалғастырса жылжымайтын мүліктегі, өнеркәсіптегі және ауыл шаруашылығындағы инвестициялық шығындардың тәуекелі артады.

Сондай-ақ, зерттеушілердің пікірінше, 2030 жылға қарай температураның 2 °C-тан жоғары көтерілуі көмір, мұнай-газ және энергетика салаларына теріс әсер етеді.

Сарапшылар климаттық өзгерістерге, теңіз деңгейінің жоғарылауына және күшті дауылдарға байланысты жағалау аймақтарының тұрғындары құрлықтардың ортасына көшеді деп санайды. Тиісінше, мұндай аймақтардағы жылжымайтын мүлік танымалдығын жоғалтады және бағасы төмендейді.

Зерттеуде жылжымайтын мүлік саласындағы шығындар көмір және мұнай-газ салаларымен салыстырғанда аз болатыны көрсетілген. 2030 жылға қарай көмір бағасы 58,9%-ға, ал 2050 жылға қарай — 100%-ға төмендеуі мүмкін. Мұнай мен газдың құны 2030 жылға қарай 42,1%-ға, 2050 жылға қарай 95,1%-ға төмендейді деген болжам бар.

Еске сала кетейік, әлемдік жылжымайтын мүлік ең қымбат актив болып табылады. 2017 жылы оның жиынтық құны 280.6 трлн долларға бағаланды, бұл әлемдік ЖІӨ-нен 3,5 есе артық (78.3 трлн доллар).