Қазақстандықтар қандай автокөлікті жиі сатып алады

217
бағасы
Фото: hitech.vesti.ru

Алматы. 26 маусым. 7kun.kz — Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындар одағының («ҚазАвтоПром») деректері бойынша 2019 жылдың қаңтар–мамыр айларында елімізде 24,7 мың жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19,9%-ға артық, деп хабарлайды Ranking.kz.

Қазақстанда құрастырылған сатылған автомобильдердің үлесі бір жыл ішінде 47,1%-дан 55,6%-ға дейін өсті. Бұл 13,7 мың көлік, бір жыл ішінде 41,1%-ға артты. Импорттық жеңіл автомобильдерді сату үлесі тиісінше 52,9%-дан 44,4%-ға дейін қысқарды. Алайда, сатылған көліктердің саны 0,6%-ға өсіп, шамамен 11 мың көлікті құрады.

2019 жылдың қаңтар–мамыр айларында жаңа жеңіл автокөліктерді сату бойынша брендтер арасында LADA көш бастап тұр: 6 мың сатылған автокөлік, бір жыл ішінде өсім — 28,1%.

Екінші орында – Toyota: 5,4 мың машина, бір жылда өсім — 30,1%. Топ-3 қатарында Hyundai бар: 4,6 мың, бір жылдағы өсім — 76,2%.

Осы жылдың 5 айында сатылған барлық жеңіл автокөліктердің 65%-ы көшбасшылар үштігіне тиесілі.

Сондай-ақ, «АзияАвто» және «СарыарқаАвтоПром» автозауыттары шығарған қазақстандық жаңа автомобильдердің арасында LADA бренді алғашқы орынды иеленеді: 2019 жылдың қаңтар–мамыр айларында 5,9 мың автокөлік сатылды — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,6%-ға артық.

Екінші орынды Hyundai алады: 4,6 мың машина, өсім — 87,4%. KIA көшбасшыларының үштігін аяқтайды: 1,6 мың сатылған авто, бір жылдағы өсім — 54,9%.

Отандық автозауыттардың сатылған жаңа жеңіл автомобильдерінің үлгілері бойынша LADA Granta (2,1 мың) көш бастап келеді, екінші орында – Hyundai Tucson (1,6 мың), үшінші орында — LADA 4×4 (1,4 мың). Granta және 4×4 автокөліктерінен басқа, Lada брендінен ТОП-10 құрамына — Vesta (1225), Largus (889) және XRAY (331) сияқты модельдер, ал Hyundai брендінен — Accent (1072), Creta (776) және Elantra (765) кірді. Нәтижесінде ең көп сатылған 10 үлгінің тоғызы LADA мен Hyundai брендтеріне тиесілі.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметтері бойынша, мамыр айында 6,2 мың жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылды. Toyota (1,3 мың бірлік), LADA (1,27 мың бірлік) және Hyundai (1,2 мың бірлік) маркалы автомобильдер көш бастап тұр.

Бұл ретте ең көп жаңа Toyota Camry авто модельдері сатылды (560 бірлік), екінші орында — Hyundai Tucson (411 бірлік), үшінші орында Lada Granta (400 бірлік).