2 млрд теңге инвестиция салынған фабрика бір жарым жыл жұмыссыз тұр

671
2 млрд теңге инвестиция салынған фабрика бір жарым жыл жұмыссыз

Қостанай облысында 2,7 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған құс фабрикасы бір жарым жылдан бері әлі іске қосылған жоқ деп хабарлайды ҚазТАГ.

«Индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасының аясында Қостанай облысында енгізілген 77 инвестициялық жобаның ішінде «Комсомольская құс фабрикасы» бүгінде жұмыссыз тұр»,-дейді Қостанай облысындағы индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Мейрам Соқытбаев.

Оның атап өтуінше, осы жылы «Қазагрофинанс» АҚ арқылы берілген несиені төлеу уақыты басталады. Өз кезегінде «Қазагрофинанс» құс фабрикасын жаңаландыру үшін жалпы көлем 2,7 млрд теңге бөлген. Кәсіпорын жылына 12 мың тонна құс етін өндіруі қажет. М.Соқытбаевтың айтуынша, бүгінде өндірісті жандандыру үшін қосымша қаржы көздерін іздеу мәселесі талқыланып жатыр.

Еске салайық, Қостанай облысының Қарабалықты ауданындағы Комсомольская құс фабрикасы 2011 жылы ресми түрде іске қосылған, бірақ екі айдан кейін кәсіпорын директоры Генрих Богдевичке «қаржыны мақсатсыз пайдаланды» деген айып тағылғаннан кейін жұмыс тоқтатылды. Г.Богдевичті кінәсіз деп тапқаннан кейін 2012 жылы кәсіпорын қайта іске қосылды.

Жұмыс көлемі үшін қажетті қаржы жетіспеуіне байланысты 2013 жылы мекеме толығымен жұмысын тоқтатты. Осы уақыт аралығында 794 тонна құс еті өндірілген.