2014 жылы туристік саяхат көлемі 4,7%-ға артты

2014 жылы туристік саяхат көлемі 4,7%-ға артты

2014 жылы әлем бойынша шетелдік туристік саяхат көлемі 4,7%-ға артты деп хабарлайды Бүкіләлемдік туристік ұйым (UNWTO).

БТҰ ұсынған мәліметтер бойынша, өткен жылы туристік мақсатпен шекара асып шығушылар саны  1,138 миллиардты құраған. Бұл 2013 жылғы көрсеткішке қарағанда 51 миллионға (+4,7%) артық.

Ең жоғары көрсеткішті Солтүстік және Оңтүстік Америка (+ 7%), Азия және Тынық мұхит аймағы (+ 5%) көрсетіп отыр. Еуропа (+ 4%), Таяу Шығыс (+ 4%) пен Африка елдерінің (+ 2%) көрсеткіштері салыстырмалы түрде алғанда төменірек.

Осыған қарамастан, Еуропа туристер ең жиі қатынайтын әлемдегі басты аймақ болып отыр. Кәрі құрлықта 2014 жылы барлық шет елге шыққан туристердің жартысынан астамы болған екен (588 млн). Солтүстік және Оңтүстік Еуропа, Жерорта теңізі аймағының көрсеткіштері жалпы алғанда 7%-ға артты, ал Батыс Еуропаны көруге келген саяхатшылар саны тек 2%-ға ғана өскен. Орталық және Шығыс Еуропада туристер саны 2013 жылдан бері өзгермепті.

Өткен жылы Азия және Тынық мұхит аймағы 263 млн қонақ «күтіп алған» (5%-ға арту), ал Оңтүстік Америкаға 181 млн турист барған (7%-ға арту). Солтүстік Америка көрсетіштері 8%-ға, Кариб бассейніндегі елдеріне барған туристер саны 7%-ға, ал Орталық және Оңтүстік Америка мемлекетіне саяхат жасаушылар 6%-ға өскен.

Таяу Шығыстағы халықаралық туризм 50 млн адамға жетіпті (4%-ға арту). Бұл өткен жылға қарағанда 2 миллион туристке артық. Африка елдері 2%-ға көбейіп, 56 млн туристі қабылдаған. Бір қызығы, Солтүстік Африкада аталған көрсеткіш 1%-ды ғана көрсетсе, Батыс Африкадағы Эбола безгегінің таралуына қарамастан Сахараның оңтүстігіндегі елдерде 3%-ға жеткен.

Туризм бойынша ең үлкен шығын көлемі Қытайға тиесілі. Өткен жылы шет елге саяхатқа шыққан ҚХР азаматтарының саны 11 миллионнан 109 миллионға бір-ақ жеткен. 2014 жылдың тоғыз айында қытай туристерінің шығыны 17%-ға артыпты.

UNWTO мәліметтері бойынша АҚШ туристерінің шығыны 6%-ға көбейген, Францияда аталған көрсеткіш 11%-ға, Италияда 6%-ға, Ұлыбританияда 4%-ға артыпты. Шығын көлемінің артуы Сауд Арабия, Үндістан, Филиппин аралдары және Қатарға қатысты да байқалады. Ал Ресей туристерінің шығыны 2013 жылға қарағанда 6%-ға түсіп кеткен.

Бүкіләлемдік туристік ұйым 2015 жылы халықаралық туристер саны 3-4%-ға өседі деген болжам жасап отыр.