2017 жылы банктерге қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 29 216 өтінім берілді

556
Ұлттық банк
Фото: total.kz

Алматы. 13 қараша. 7kun.kz — Ұлттық Банкте Алматы қаласының әкімдігінің, қоғамдық бірлестіктердің және бірқатар банктердің өкілдерімен кезекті кездесу өтті, оның барысында ипотекалық қарыз алушылардың проблемалық мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланды деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев Қазақстанда Ұлттық банк 2015 жылғы сәуірде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдаған, 130 млрд теңге бөлінген Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасып жатқандығын хабарлады.
Борыштық жүктемені жеңілдету үшін Бағдарлама капиталдандырылған сомаларды шегергенде қарыз бойынша негізгі борыш қалдығын жылдық 3 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен қайта қаржыландыруды көздейді. Қарыз алушының қарыз бойынша сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша қалыптасқан берешегін банктер кешіруге тиіс. Сонымен бірге бағдарламада берешекті толығымен кешіру көзделмеген.
Кездесу барысында банктердің бағдарлама бойынша қабылдаған, мақұлдаған және қайта қаржыландырған өтінімдерінің саны туралы деректер айтылды. Мәселен, 2017 жылғы 1 қарашада банктерге қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 214,7 млрд теңге жалпы сомаға 29 216 өтінім берілді, оның ішінде 141 млрд теңге сомаға 23 028 өтінім мақұлданды.
А.Терентьев ақшаны игерудің револьверлік тетігі (яғни қарыздарды қайта қаржыландыру бастапқы орналастырылған күннен бастап 10 жыл ішінде бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен жүзеге асырылады) және банктердің қарыздарды өтеуден түскен қаражатты қарыз алушылардың мақұлданған өтінімдерін қайта қаржыландыруға уақтылы жұмсау қажеттілігі туралы еске салды.
2026 жылға дейін қайта қаржыландырылатын қарыздардың саны шамамен 40 мың болады деп болжануда.
Cонымен қатар Ұлттық банктің өкілі Мемлекет басшысының 2017 жылғы 11 сәуірде Ұлттық Банкке Үкіметпен бірлесіп Бағдарламаны кеңейтудің мақсатқа сай екендігі туралы ұсыныс енгізуге тапсырма бергендігін хабарлады.
«Ипотекалық нарыққа жүргізілген мониторинг ағымдағы экономикалық ахуалда барынша осал қарыз алушылардың санаттарын анықтады – бұл жеке тұлғалар, шетел валютасымен міндеттемелері бар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына жататын қарыз алушылар. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық Банк Бағдарламаны кеңейту бойынша ұсыныстарды әзірлеуде», — деп хабарлады А. Терентьев кездесудің қатысушыларына.
Ол Ұлттық Банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімді жұмыс істейтін құқықтық тетіктерін қалыптастыруға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қаржы нарығындағы ахуалды, оның
сыртқы факторларына әсерлерді, тұтынушылар өтініштерінің тақырыбы мен себебін терең талдаудың негізінде, ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемелерінің өсуін болдырмауға, берешекті сотқа дейін өндіріп алу бойынша ашық құқықтық аяны құруға, қарыз алушылардың қарыз алу және оған қызмет көрсетуге байланысты шығыстарын төмендетуге бағытталған бірқатар маңызды нормалар заңнамалық деңгейде қабылданған.
«Ұлттық Банк қабылдап жатқан шаралар жақсы нәтиже көрсетуде. Қаншама ипотекалық қарыз алушыға көмек көрсетілгенін көріп отырмыз. Өз кезегінде, қарыз алушыларға көмек көрсету бойынша Ұлттық Банкпен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруға дайын екендігімізді атап өткім келеді», — деді «Триумф-5» ҚҰ басшысы Канағат Тәкеева.
«Қоғамдық бірлестіктің басшысы ретінде мен, ипотекалық қарыз алушыларды бағдарламаға тарту мақсатында олармен белсенді жұмыс істеймін. Қазіргі күні біз белгілі нәтижелерге қол жеткіздік және бұл қуантарлық жағдай. Мыңдаған отбасыларға жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік берген бастама үшін Елбасына алғысымызды білдіргіміз келеді», — деді «Ел-бірлігі» ҚБ-тың басшысы Шолпан Ризабекова.
Банк секторының өкілдері банктер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсінетінін және келешекте бағдарламаны іске асырүға белсенді жоспарлайтынын білдірді.

Бұған дейін Ұлттық банк 2017 жылғы он айда инфляция 5,4 пайызды құрағанын мәлімдеген еді.