2017 жылы жұмысшылардың 1,5 млрд теңге еңбекақы қарызы өтелді

еңбекақы
Фото: kazradio.kaztrk.kz

Астана. 13 мамыр. 7kun.kz — Қазақстанда еңбек даулары мен еңбекақы бойынша қарыздар азайып келеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта ел экономикасында жұмыспен қамтылғандардың саны 8,5 миллионнан асты немесе жалпы Қазақстан халқының 50 пайызына жуықтады.

Алдағы үш жылда қысқартылған жұмыс уақытын, жыл сайынғы қосымша төленетін еңбек демалысын және сүт немесе сүтке тең емдік-алдын алу тамақтарын тағайындау туралы салалық қағидаттар қайта сараптаудан өтеді. Бұл жұмыстар зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығын жақсарту мақсатында жүзеге асады.

«Биылғы 5 ай ауқымында 10 мыңнан астам жұмысшының 1,5 млрд теңге қарызы өндірілді. 2017 жылдың маусым айындағы еңбекақы бойынша қарыз 88 млн. теңгені көрсетті. 2016 жылы өндірісте зардап шеккендердің саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға азайып (1723 адамнан 1683 адамға), 670 мыңнан астам жұмысшы зиянды еңбек ахуалындағы жұмысы үшін түрлі өтемақыларға ие болды. Бұл мақсатқа жұмыс берушілер жағы 99,7 млрд теңге бөлді», — деді Т. Дүйсенова.

Сонымен қатар, министрлікте әйелдер еңбегін реттеуге ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазақстанда 122 еңбек стандарты бекітіліп, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарынан тұратын 11 стандарт қайта қарастырылды. Одан бөлек, бизнеске байланысты тексеру парақтарының талаптары 43-тен 24-ке дейін ықшамдалды. Нәтижесінде тексерілетін нысандар саны 2016 жылы 18 мыңнан 10 мыңға дейін, ал 2017 жылдың 5 айында 5 мың ұйымға дейін азайды.

Дереккөз: inform.kz