2018 жылдан бері сатып алудан үнемделген қаржы 400 млрд теңгеден асты — Самұрық-Қазына

39

Бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат  қоры» АҚ  Қордың сатып алу жүйесін  жетілдіруге бағытталған жұмыстарын қорытындылады.

Қордың Басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметовтің айтуынша, Қордың сатып алу саясаты екі маңызды мақсатты көздеген. «Біріншісі,сатып алу жүйесінің ашықтығын және әділеттілігін қамтамасыз ету. Екіншісі, отандық тауар өндірушілерді қолдау», — дейді Ә.Пірметов бүгін осы тақырыпта өткен онлайн-брифингте. 

Жалпы, бір жыл ішінде «қарапайым заттар экономикасының» алты бағыты бойынша сатып алудағы жергілікті үлес 30%-дан 69%-ға дейін артқан. Бұл ретте отандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі 2019 жылғы 39%-дан 2020 жылы 83% жеткен. «Биылғы 11 айдағы сатып алу көлемі 2,9 трлн теңгені құраса, оның 90% немесе 2,6 трлн теңгесі отандық кәсіпкерлерге тиесілі», — дейді Пірметов. 

Биылғы жылдың басты нәтижелерінің бірі – сатып алудан үнемделген қаражат. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар тобы 2020 жылдың 11 айында  сатып алудан 129 млрд теңге үнемдеген. 

Брифинг кезінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Әлішер Пірметов биыл Қордың компаниялар тобындағы сатып алу көлемі бойынша өңірлердегі кәсіпкерлердің белсенділігіне тоқталды.

«Аймақтар бойынша біздің өзіміздің статистикамыз бар. Отандық кәсіпкерлердің «Самұрық-Қазынамен» әріптестігіне тоқталсақ, Нұр-Сұлтан қаласының бизнесмендері көш бастап келеді. Қор тобындағы сатып алуда олардың үлесі 34%. Бұл ретте алматылықтар екінші орынға жайғасса, үштікті Маңғыстау облысының кәсіпкерлері түйіндейді. Ал бизнестің белсенділігін сараптасақ, онда Алматылық кәсіпкерлердің қарқыны жоғары екендігі байқалады.  Сонымен бірге Қор тобындағы сатып алуларға Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының және өзге өңірлердің кәсіпкерлері белсенді қатысады», — деді Әлішер Пірметов. 

 «Самұрық-Қазына» 2018 жылдан бері сатып алу бойынша 400 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеген. Бұл ең алдымен сатып алудағы бәсекелестікті кеңейтудің арқасында мүмкін болған. 

«Осы мақсатты орындау үшін бір көзден сатып алу барынша азайып жатыр. Өткен жылдардың тәжірибесіне қарасақ, бәсекелі орта қалыптастыра отырып, біз экономиканың үлесін арттырамыз. Орта есеппен, бір көзден сатып алуға қарағанда, бәсекелі ортаның сатып алуы 4-5 есе үнемді», — деп түсіндірді Әлішер Пірметов. 

Ал, биыл пандемия жағдайында бірқатар проблемаларға кезіккен кәсіпкерлер үшін Қор тарапынан жасалған қолдау шаралары ерекше өзекті болғаны сөзсіз дейді ол. 

«Отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін «Самұрық-Қазына» қоры сатып алу тетіктерін үнемі жетілдіреді. Қолдау шаралары, ең алдымен, ел экономикасының нақты секторын демеуге бағытталған. Біріншіден, біз операциялық шығындарды оңтайландырдық. Пандемия Қорға қарасты компаниялардың сатып алу қызметіне жаңаша қарауға үйретті. Қор компаниялар тобы үшін де, тауар жеткізушілер үшін де   оңай болған жоқ. Сондықтан, сатып алу жүйесін ізге салу арқылы біз кәсіпорындарымыздың жұмысын тұрақтандырдық. Оңтайландыру шараларының бірі – орталықтандыру еді. Бұл биыл бірқатар компанияларда  ілкі жоба ретінде жүзеге асырылды. Оның нақты нәтижелері байқалып отыр. Мәселен, ұйымдық құрылымдар оңтайландырылып, басқару деңгейлері қысқарды. Сатып алу қызметі мен шаруашылық қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыруға кететін шығын 22% азайды», — дейді Пірметов. 

Қордың сатып алу жүйесін оңтайландырудағы екінші маңызды бағыты – категориялық сатып алуды жүзеге асыру. Биыл осы категориялы сатып алуды одан әрі дамыту үшін тиісті жұмыстар жалғасты дейді ол. Дәл осы бағыттың арқасында Қор сатып алудағы импортты тауарларды мүлде жойған. 

«Тіпті, тауарларды шоғырландырып, бірыңғай талаптар әзірлеудің арқасында қомақты қаражатты үнемдедік. Нақты мысал келтірейін. «Арнайы аяқ киім» атты категорияның стратегиясына тоқталайық. Осы категорияға кіретін тауарларды сатып алуда 100% импорттан бас тартып, 16 отандық тауар өндірушіден сатып аламыз. Сатып алу көлемі 4,5 млрд теңге құрады. Бұрын бұл қаражат Ресей Федерациясы мен Қытайға кететін. Сонымен қатар, сатып алу бағасының диапазоны 10 есеге қысқарып, соның арқасында 1 млрд теңге үнемдедік», — деп хабарлады брифинг кезінде Пірметов.  

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қорының сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған тағы бір шарасы – оффтэйк келісімшарттар. Оффтэйк келісімшарттар жасасу арқылы импортты алмастыруды ынталандыру бағытында Қор 43 жобаны мақұлдаған. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы елімізде баламасы жоқ жаңа өндірістер іске қосылады. 

«Қазіргі таңда қордың компаниялары жалпы сомасы 25,5 млрд теңге болатын 71 оффтэйк келісімшартқа қол қойды. Қосымша, тағы 7,7 млрд теңге болатын 21 оффтэйк келісімшартқа қол қою жоспарланған. Кепілдік алған кәсіпорындар 16,5 млрд теңге көлемінде салық төлейді. Яғни, отандық кәсіпорындарды қолдауға бағытталған бұл шара өте тиімді болмақ», — дейді Әлішер Пірметов. 

Оның айтуынша,  бұрын Қор компанияларының қаражаты шет елге кетсе, қазір қаражат елдің экономикасына жұмыс істеп тұр. 

Жалпы, Қор холдинг ішіндегі сатып алуды да үнемі оңтайландырады. Мәселен, 2017 жылдан бастап холдинг ішіндегі сатып алуды оңтайландыру аясында сатып алудағы 4000  позиция  бәсекелі ортаға берілген.   Қазір осы тізімде небары 213 позиция қалған. 

«Осы уақыт аралығында 23 мыңнан астам отандық кәсіпкер Қордың 1 трлн теңгеге тең сатып алуына тікелей қол жеткізді. Бәсекелі орта қалыптастыру арқылы Қор 70 млрд теңге үнемдеді. Бұрын бұндай үнемдеу мүлде болмаған еді», — дейді брифинг кезінде сұрақтарға жауап берген Ә.Пірметов.