2018 жылы бюджет табысы 8,6 трлн теңгеге жетеді — Болжам

0
117
теңгеге
Фото: liter.kz

Алматы. 13 қыркүйек. 7kun.kz — 2018 жылы республика бюджетіне түсетін табыстың жалпы көлемі 8,6 трлн теңгеге жетеді. Мұндай болжамды қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жасады.

Парламент мәжілісінде «2018-2020 жылдардағы республика бюджеті туралы» заң жобасы таныстырылды.

«2018 жылы бюджеттің жалпы түсімі 8,6 трлн теңгені құрайды. Яғни 2016 жылға қарағанда 1,5 трлн теңгеге азаяды. Оған себеп мұнайдан түсетін табыстың 1,9 трлн теңгеге қысқаруы мен мұнайдан тыс табыстардың 852 млрд теңгеге артуы», — деп атап өтті қаржы министрі.

Оның айтуынша, ұлттық қор қаражатын қолданудың жаңа концепциясына сәйкес кепілдендірілген трансферттің көлемі жыл сайын азая береді. 2018 жылы 2,6 трлн теңге болса, 2020 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейді.

«Ал бюджеттің әлеуметтік шығындары алдағы үш жылда артады», — деді Сұлтанов.

Оның сөзінше, әлеуметтік бағытта жұмсалатын бюджет шығыны алдағы үш жылда 13,4 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 2018 жылы 4,1 трлн теңге болады. Бұл жалпы шығын көлемінің 47,4 пайызы. 2020 жылға дейін көрсеткішті 47,4 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Әлеуметтік шығындардың негізгі бөлігі азаматтарға әлеуметтік көмек көрсеті мен қамтуға жұмсалады.


Пікір жоқ

ПІКІР ҚОСУ