Б.Сұлтанов: Қазақстанда мемлекеттік кірістер мен шығындардың қазіргі жүйесін қайта қарау қажет

«Қазақстанда мемлекеттік кірістер мен шығыстардың қазіргі жүйесін қайта қарап, үнемдеп өмір сүруді үйреніп, бірақ дамуда тоқтамау қажет»,- деді ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында бірқатар қабылданған заңнамалық актілердің ережелері мен жаңашылдықтарын түсіндіру бойынша өткен семинар барысында. 

«Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы 5 нақты бағытты және қаржы секторын тұрақтандыру бойынша құрылымдық өзгерістерді айқындап берді. Маңызды міндет — еліміздегі қаржы жүйесін тезірек тұрақтандырып, оны жаңа жаһандық шынайылыққа сәйкестендіру», — деді Б.Сұлтанов.

Бюджеттік саясатты оңтайландыру жайлы айтқан министр «мемлекеттік кірістер мен шығыстардың қолданыстағы жүйесін қайта қарастырып, үнемдей өмір сүруге үйренуге тиіспіз. Дегенмен, үнемдеу аясында даму деңгейі табандап қалмауы керектігін» айтып өтті.
Маңызды бағыттардың бірі ретінде Қаржы министрлігінің басшысы жекешелендіруді, экономикалық бәсекелестікті ынталандыруды айтып өтті.«Экономиканы мемлекет меншігінен шығаруды және бизнес дамуын ынталандыруды жылдамдатуымыз керек. Сонымен бірге, жеке және заңды тұлғаларға арнап банкроттықтың мүмкін процедураларын қоса алғанда нарықтық ойын ережесін нақты жазып шығу қажет, яғни ол бизнесті сақтауға және оны одан әрі дамытуға жағдай жасауға байланысты», — деп баса айтты ол.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігі басшысы мемлекеттік жаңа инвестициялық саясаты туралы айтқан ол трансұлттық корпорацяларға баса назар аудара отырып, жеке инвестициялар тарту қажеттігін айтып өтті.

«Жаңа инвестициялық саясатқа тоқталатын болсақ, трансұлтық корпорацияларға жеке инвестицияларды тарту, экономикалық өсімнің аймақтық драйверлерін жасақтау, сонымен қатар әлемдік және аймақтық нарықтағы экспорттық әлеуетті толығымен игеру қажет», — деді Б.Сұлтанов.
Фото: kaz.tengrinews.kz