БЖЗҚ-ның 500 миллиард теңгесі шетел валютасына ауыстырылады

597

2016 жылы бос зейнетақы жинақтарындағы 1 триллион 450 миллиард теңгенің 500 миллиард теңгесі БЖЗҚ қаражатының әртараптылығын қамтамасыз ету және азаматтардың зейнетақы жинақтарының табыстылығын арттыру мақсатында сыртқы нарықтарда инвестициялау үшін шетел валютасына ауыстырылады. Бұл туралы мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. 

Сондай-ақ 600 миллиард теңге екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдингтердің шартталған облигацияларын қайтарымды негізде және зейнетақы активтерінің сақталуы мен табыстылығын арттыру үшін нарықтық пайыздық мөлшерлеме арқылы сатып алуға жұмсалады. Бұдан әрі аталған қаражат экономиканың маңызды секторларын ынталандыру үшін инвестицияланады.

Негізі бағыттардың қатарында, біріншіден, шағын және орта бизнес қажеттіліктерін айналым қаражаты арқылы шарттық негізде қаржыландыру және қарыздарын қайта қаржыландыру мәселесі бар. Бұл кәсіпкерлердің 700 жобасын қаржыландыруға, 14 мың жұмыс орнын ашуға, 540 миллиард теңгенің өнімін өткізуге және бюджетке шамамен 60 миллиард теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Қазақстанның оңтүстігіндегі энергия тапшылығын азайту мақсатында «KEGOC» АҚ-ның «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» жобасын жүзеге асыруды жеделдету. Үшіншіден,  АӨК-нің басымдығы бар жобаларын, соның ішінде  ет және сүт өндіру мен өңдеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру. Төртіншіден, 3456 ауылдық елді мекеннің кеңжолақты интернет желісіне қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Фото: akorda.kz