2016 жылы «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 63 млрд теңге бөлінеді

1036
zansoc.kostanay.gov.kz

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға биыл 63 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінеді, бұл 60 мың адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басшысы Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Кәсіпорындарда жоғары білікті мамандардың жұмыс орындарын сақтау мақсатында жұмыс уақытының қысқаруына байланысты еңбекақының 2/3 бөлігін уақытша субсидиялау тетіктері енгізіледі. Сонымен бірге, кәсіпорын жұмыс орнын сақтаған жағдайда, қызметкерлерді, оның ішінде жұмыс істейтін жастарды жұмыс берушілер тарапынан қоса қаржыландырумен немесе, толық мемлекет есебінен оқытуды ұйымдастыру қарастырылады.
Қосымша жұмыс орындарын құру үшін «ЖҚЖК 2020» аясында қолданылатын келесі құралдарды: инфраструктуралық жобаларға жұмысқа орналастыру, барлық мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын жобалардың мүмкіндіктерін қолдану және кәсіпкерлікті дамыту үшін микрокредит беру күшейтілетін болады.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының аясында жаңа бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 60 мыңға жуық адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту арқылы қосымша 63 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр», — деп хабарлады Тамара Дүйсенова.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы бағдарламаны жүзеге асыру аясында 156 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылған адамдар саны – 142,3 мың.
«ЖҚЖК 2020» бағдарламасының бірінші бағыты аясында (инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету) 2015 жылы 565 жоба жүзеге асырылып, құрылған жұмыс орындарына 8,6 мың адам орналастырылды.
Екінші бағыт бойынша (кәсіпкерлікті дамыту арқылы арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарын дамыту) 6 мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, микрокредит алды, оның ішінде 4,1 мыңға жуық адам алғаш рет өз істерін ашып, кәсіпкер болды. Нәтижесінде ағымдағы жылы қосымша 6,1 мыңға тарта адам жұмыспен қамтылды.
«ЖҚЖК 2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша (жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу) тегін оқумен 14 мың азамат қамтамасыз етіліп, оның 10,7 мың адамы оқуларын тәмамдап, жұмысқа орналастырылды.  24,5 мың азамат жастар практикасы аясында әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. Сондай-ақ, 2015 жылы үшінші бағыт бойынша экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден 1200 адам көшірілді.
Сонымен қатар, мемлекеттің қолдау шараларынсыз бос орындар базасындағы жұмыс орындарына 102 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.