5G желісі 2023 жылдан бастап қолжетімді болады

207
5G
Фото: iguides.ru

Алматы. 28 қазан. 7kun.kz — Цифрлық даму, инновация және ааэроғарыштық өнеркәсіп министрі Асқар Жұмағалиев елде 5G желісі қашан іске қосылатындығын айтты.

«Министрлік Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты жол картасы бекітілді. 5G ұялы байланыстың тестілік сынақтары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілді», – деді министр.

Оның айтуынша, сынақ қорытындысы бойынша, интернет заттарын, телемедицинаны, өнеркәсіпті цифрландыруды, «ақылды» қалаларды дамытуда технологияны қолдану мүмкіндіктеріне талдау жүргізіледі.

«5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестициялардың үлкен көлеміне байланысты бірінші кезеңде бұл технологияны енгізу еліміздің үш мегаполисінде жоспарланып отыр. Осылайша, 2021 жылдың соңына дейін Нұр-сұлтан қаласында Назарбаев Университетінде және ЭКСПО-да, 2022 жылы әуежай мен вокзалда, сауда орталықтары мен алаңдарда 5G технологиясын енгізу жоспарланған. 2023 жылдан бастап еліміздің барлық облыс орталықтарында енгізу жұмыстары жүргізіледі», — деп түйіндеді Асқар Жұмағалиев.