Туризм бойынша 2015 жылы Қазақстан әлем рейтингінде 85-орында тұрақтаса, 2017 жылы 81-орынды еншілеген. 

Отандық туризм саласын дамытуда мемлекет пен бизнес-қоғамдастықтың қосып жатқан үлесі бар. Биыл туризм саласын дамытуға айтарлықтай, тіпті революциялық жаңашылдықтар қолға алынбақ. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің Төрағасы Марат Игалиев тарқатып берді.

– Марат Несіпқалиұлы, «Атамекен» алаңында өткен Туризмге қатысты конференцияда отандық туризм саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Салада жаңашылдықтар бар ма?  

– Өздеріңізге мәлім, туризм саласын дамыту бойынша 2023 жылға дейін тұжырымдама қабылдауымыз керек. Аталған тұжырымдама жобасы әр аймаққа жолданған болатын, енді сол өңірлерден келген ұсыныстар легін қарасытрып жатырмыз. ҰКП-да мемлекет пен бизнес өкілдерінің жиналысында көптеген ұсыныстар айтылып, өзекті мәселелер қаралды, минситрлік оларды ескеріп, тұжырымдаманың соңғы нұсқасына енгізуге тырысады. Енді аймақтарға баса назар қойып жатырмыз, нақты жоспарлауға келсек, жаңашылдығымыз көп. Мәселен,  өңірлерде 8 курортты туризм аймақтарын дамытамыз деп жоспарлаймыз.

Мәселен, Маңғыстау жақта жағажайлық туризм, ШҚО-да тау шаңғы, эко туризмін дамыту көзделген.

– Туризмде мемлекеттік бақылау функцияларын бәсеке ортасына беріледі деп айтылды. Бұл үдеріс қалай орындалады, бизнес өкілдері жаңалыққа қалай қарады?

– Мемлекеттік бақылау функцияларын бәсеке ортасына беру Елбасының тапсырмасы болатын. Бақылау міндеттерін беру жұмыстары бірнеше жыл жүргізіліп келеді. Өңірлердегі басқарушы органдар жергілікті бизнестің өзін-өзі бақсаруға дайындығын, лицензия беру, реестр жүргізуді қолға алу қабілеттілігін сынауы қажет. Менің ойымша, бұл жұмыстар туризмдегі революциялық қадамдар болмақ. Осы ретте халықаралық тәжірибені не ескеретін боламыз.  Функцияларды нарыққа беру бойынша аймақтардан да ұсыныстар түсіп жатыр.

Жаңа Тұжырымдама бойынша, министрлік жеті негізгі кластер бойынша дамуды жоспарлап отыр, яғни Алматы, Астана, Шығыс Қазақстан облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Маңыстау аймақтарында жергілікті климаттық ерекшеліктеріне байланысты өздеріне тән кластерлері болады.  Мәселен, Маңғыстау жақта жағажайлық туризм, ШҚО-да тау шаңғы, эко туризмін дамыту көзделген. Биыл аталған Тұжырымдаманы қабылдап, сол құжат бойынша әрекет жасауды қолға алмақпыз, ол үшін бізге өңір, бас қалаларда туризм бойынша жұмыс істейтін бизнес өкілдерінің ұсыныстары мен ескертпелері керек.

– Ішкі туризмді дамытуда ішкі әлеует жеткілікті ме, әлде, кешендер салу мен табиғат бедерлеген көрнекті жерлерге жол тартуда шетелдіктер шақырыла ма?

– Мойындау керек, «Қазақстандағы туризмді» шетелде көп біле бермейді, туристерді тарту, туризмдік индустрияны жетілдіру қажет. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті жаңынан Жобалық басқару орталық штабы құрылған. Штаб негізінде біз екі бағыт бойынша жобалау жұмысын бастап кеттік, олар: ішкі туризм әрі ауқымы кең көшпелі туризм. Қазіргі таңда өңірлермен бірге визалау, инфрақұрылым жағынан мәселелерді талқылап жатырмыз. Осы жасалып жатқан жұмыстың негізінде әр 16 аймақ бойынша Туризмнің жол картасын жасағымыз келеді. Картаға ең өзекті мәселелер кіреді, сол мәселелер бойынша нақты шаралар қолданылады. Әр аймақ бойынша өңір мамандарымен ұсынылған басымдығы жоғары жобаларды қараймыз. Мәселен, бүгінде бізді Алматы, Астана, Алакөл бойынша жобалар қызықтырды. Инфрақұрылым, тамақтану, демалу алаңдарын анықтауға, жобалауға, құрылыс жұмыстарына отандық мамандар тартылады деп жоспарлаймыз.

– Отандық туризмде Қазақстанға 70 сағатқа дейін виза алмай, демалып қайту туралы айтылып қалды, тарқатып айтып берсеңіз…

– Бұл бастама Алматы қаласы кәсіпкерлерінің ұсынысы. Бұл ұсынысты жазып алдық, заңға қайшылығы бар ма, жоқ па барлығын қараймыз. Виза беру бермей тек қана ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жұмысы ғана емес,  сонымен қатар визалауға ҚР Ішкі істер министрлігі, Шекара қызметінің міндетті түрде араласуы қажет, кейін нәтижесін айтамыз.

– Халықаралық көлемдегі шара ЭКСПО-2017 көрмесі басталуына бір ай көлемінде уақыт қалды. Көрме науқанында іскер әлемнің назары  Қазақстанда болатыны сөзсіз. Осы ретте отандық гидтер мәселесі қалай шешіліп жатыр?   

– Тіл білетін, отандық туризм туралы ақпарат бере алатын гидттер мәселесі де күн тәртібінде тұр. Отандық бизнес-қоғамдастық көрме науқанында гидтер тапшылығы болса, нарыққа шетелдік гидттердің кіруінен қауіптенеді. Ол өте орынды, өйткені қазақстандық нарықты барынша өзіміз қамтуымыз – тиімділік пен қауіпсіздік  тұрғысынан қажет. Жаңа заң бойынша өзін-өзі басқаратын ұйымдар, оның ішінде әр қауымдастық дербес жұмыстарын бастап, дайын болса, біз комитет ретінде оларға функцияларды беруге дайынбыз. Олар өздігінше лицензия береді, реестрді өткізеді, қабылдайды. Ал Комитет осы процестерді бақылайтын болады.  Осы мәселес жүйелі түрде шешілуін жөн деп санаймыз.

– Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы Қазақстанның туризм саласы 40%-ға артқан делінген. Комитеттің өзіндік статитикалық мәлеметтері бар ма?

– Кеше ғана Қазақстан туризм бойынша Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша біршама биіктеген.  Мәселен, 2015 жылы еліміз әлем рейтингінде 85-орында тұрақтаса, 2017 жылы 3 сатыға көтеріліп, 81-орынды еншілеген. Жалпы аталмыш рейтинг кешенді. Мұнда әлеуметтік жағдайлар ескеріледі. Атап айтсақ, елдің тарихи әрі мәдени құндылықтары, экономика, медицина, көлік қатынастарының дамуы,  қонақ үйлері мен коммуникациялары деңгейі сарапталады. Яғни, саладағы ілгері басылған әр қадам әлімнің зерттеу институттары назарынан тыс қалмайды, ендеше білек сыбана жұмыс істеу керек. Сонымен қатар осы жылдың басты жетісітігі ретінде 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап 54 мемлекет бойынша визалар ашылғанын айтуға болады. Яғни сол мемлекеттер бізге виза алмайды, комитет тарапынан біз тіркеу жағын қадалауға алдық. Мәселен, шетелден келген туристер қонақ үйде тіркеуден өтеді. Бұл үдерістің жолдары Тұжырымдамада жазылады.

– Халық арасында Бұрабайға барып демалғанша, Түркияда демалған арзан деген көзқарас қалыптасқан…

– Дұрыс айтасыз, түризмі айтарлықтай дамыған Түркия, Біріккен Араб әмірліктерне саяхаттау анағұрлым арзанға түседі, әрине таңдаған қонақ үйге байланысты. Бұл мемлекеттердің туризм салалары көш ілгері, жылда баратын туристтер саны орасан. Бізге сондай деңгейге жету үшін уақыт пен даму қажет. Осы тұрғыда жұмыстар жасалып жатыр, атап айтқанда инфрақұрылым, демалыс аймақтарының қол жетімділігі қарастырылып жатыр.

– Туризм бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өз тарапынан Экспоға қандай жобалар ұсынып отыр?

– Әуе билеттерінің тым қымбаттылығы да Қазақстанды туристік ел ретінде мәртебесін қалыптастыруға кедергі. ЭКСПО-2017 аясында «Ашық аспан» жобасы қолға алынып, Қазақстан әуе жолдарына шетелдік әуе компаниялар кіретін болады, осылайша бәсекелестік орта қалыптасып, сапа мен баға реттелетін болады. Экспо аяқталған соң жаңа әуе компаняилардың нарыққа деген әсері сарапталады. Сонымен қатар, ішкі туризм бойынша Экспода  өңірлерді байланыстыратын тур-маршрут қолға алынып отыр, оған басқа да министрліктер қатысады. Арнайы штабтар да құрылған. Тур-маршруттың жұмысын Экспо науқанында қолдануға болады.

Бастысы отандық нарық өзінің осал тұстарын жақсы біледі, оларды жою, кедергілерді азайтуда да нақты ұсыныстары бар. Мәселелер мен ұсыныстардың легімен «Атамекен» ұйымдастырған конференцияда қанықтық, назарға алдық.

– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Әлия Кемелбекова